Қазақстанда ата-аналар балаларына қашықтан оқыту үшін берілген техниканы сата бастады

0
702

Тек Алматыда сыйға тартқан ноутбукті сату туралы 4 хабарлама жарияланған.


Қазақстанда ата-аналар балаларына қашықтан оқыту үшін берілген техниканы сата бастады

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар қашықтан оқыту үшін балаларына тегін берілген техниканы сата бастады. Жаздың соңында қайырымдылық ұйымдары көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ноутбуктер мен планшеттер сыйлаған еді, деп жазады Stan.kz.

Тек Алматыда сыйға тартқан ноутбукті сату туралы 4 хабарлама жарияланған. Бірақ кейін оларды бірден өшіріп тастаған, дегенмен жазбаның фотосы сақталып қалды. Фотоны көрген "Салиқалы ұрпақ" қорының өкілдері өздері тарту еткен сыйлықты таныды. Олар мұқтаж отбасыларға мың ноутбук берген. Оларға отбасылардың тізімін Алматы және Алматы облысының білім басқармасы ұсынған. Сатушылар ноутбуктердің бағасын әртүрлі көрсеткен, 80 мыңнан - 250 мыңға дейін. Тауарды сатуға қойған отбасыларға директор мен әлеуметтік педагог барып қайтқан.

Сыйға берілген техниканы сатпақ болған алты бүлдіршіннің анасы мұндай әрекетке қарыздарынан құтылу және балаларға қыстық киім алу үшін барғанын айтты.

"Қарыздарымыз бар, күйеуімнің жұмысында да қиндықтар болды, тұрып жатқан үйімізге бөліп төлейміз, одан да қарызымыз бар. Планшет мен телефон бар, ноутбук керек емес деген ой келді. Оны сатып, қажетімізге жаратамыз деп ойладым", - деді көпбалалы ана.

Мектеп директорымен сөйлескеннен кейін бұл әйел ноутбукты өзінде қалдырды. Бұған қоса ол үйінде балалары сабақ оқитын жиһаз жоқ екенін атап өтті.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кірмейтін оқушылар техникаларды уақытша пайдалануға алады. Осы уақытқа дейін Алматыдағы 53 мың оқушы бір жылдан кейін қайтарып беруге міндетті техниканы алып үлгерді. Оларды сатып алу үшін әкімдік Жалпыға міндетті оқу қорынан ақша бөлген. Ол әрбір мектепте қарастырылады. Олардың негізгі бөлігі ыстық тамаққа жұмсалады, ал қалғаны мектеп формасы алу мен жазғы демалысты ұйымдастыруға бағытталады.

Мәжілі депутаты Ирина Смирнова Жалпыға міндетті оқу қорындағы ақша ноутбуктерді сатып алуға жұмсалмауы керек еді деп есептейді.

"Жалпыға міндетті оқу қоры бұған дейін аз қамтылған отбасылардың балаларын қамтамасыз етті, тым болмағанда мектепте ыстық тамақ беріп, киім, аяқ киім әперді. Қазір балалар осындай қолдаудан айырылды. Барлық қаржы компьютер сатып алуға жұмсалды. Ал отбасыны асырау туралы мәселе туғанда осындай бұзушылықтар болған шығар", - деді депутат Ирина Смирнова.

Мәселен, Алматы облысында 50 мыңнан аса ноутбук сатып алу үшін Жалпыға міндетті оқу қорынан 8 млрд теңге бөлінген. Бұл ретте техникалардың бағасы да аздап өскен. Бүкіл ел бойынша қашықтан оқытуға арналған техниканың жетіспеуі байқалуда. Ал балаларды қыркүйек айының ортасына дейін қажетті жабдықпен қамтамасыз ету керек.