Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді

0
90

Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін азаматтық және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.


Қазақстанда авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді

ERNUR.KZ. Қылмыстық кодекстің 198-бабына сәйкес, 80-нен 160 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 80-нен 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова хабарлады.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай шаралар ең алдымен жүйелі және ауқымды бұзушылықтарға, яғни зияткерлік меншікті заңсыз коммерциялық мақсатта пайдалануға қарсы бағытталған. Ал заң талаптарын сақтайтын адал пайдаланушылар өз қызметін алаңсыз атқара алады.

Спикер зияткерлік меншік мәселелері бойынша қабылданған заңды түсіндірді.

«Жаңа Заң кешенді түрде авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды едәуір күшейтіп, ұжымдық басқару саласындағы ашықтық пен жауапкершілікті арттырады және тұтастай алғанда, ұлттық зияткерлік меншік жүйесін жетілдірудегі маңызды кезең болады деп сенеміз. Нәтижесінде барлық тарап ұтады: авторлар әділ сыйақы алады, бизнеске түсінікті әрі болжамды ережелер қалыптасады, мемлекет үшін креативті экономиканың дамуы мен зияткерлік еңбекке салынатын инвестициялар артады», – деді Ботагөз Жақселекова.

Сондай-ақ қабылданған заң ҚҰБҚ (Құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары) қызметін бақылауды күшейтуді көздейді. Құзыретті органға бұзушылықтар анықталған жағдайда аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру өкілеттігі берілді. Бұл аккредиттелген ұйымдарды тәртіпке келтіріп, есептілік пен ашықтық талаптарын сақтауға ынталандырады, өйткені аталған талаптарды бұзу нақты салдарға әкеп соқтырады.

«Авторлардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында авторлық құқық объектілерін пайдалануға мемлекеттік бақылау енгізілді. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет аясын нақтылау үшін Кәсіпкерлік кодекске, «Әділет органдары туралы» және «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдарға толықтырулар енгізілді», – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, әділет органдары жоспардан тыс тексерулерді тек авторлар мен құқық иеленушілердің өтініштері негізінде ғана жүргізеді. Тексеру нәтижелері бойынша акт жасалып, бұзушылықтар анықталған жағдайда нұсқамалар беріледі. Қажет болған жағдайда осы нұсқамалардың орындалуына бақылау жүргізіледі. Осылайша, авторлар мен құқық иеленушілердің бұзушылықтар жөнінде өтініш беруден бастап нақты мемлекеттік шаралар қабылдауға дейінгі жедел әрекет етуі сынды тиімді тетік пайда болады.