Қазақстанда бастауыш сынып мұғалімдерінің оқушыларға баға қою тәртібі өзгерді

0
72

БЖБ мен ТЖБ енді жоқ.


Қазақстанда бастауыш сынып мұғалімдерінің оқушыларға баға қою тәртібі өзгерді

Фото: Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Бастауыш сынып оқушыларына баға қою тәсіліне өзгерістер енді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Педагог Қалдыгүл Әмірбекованың айтуынша, баланы бағалау жүйесіне 5 түрлі өзгеріс енген.

Біріншіден, формативті бағалаудың үлесі артады. Бұған дейін оның тоқсандық бағадағы үлесі 25 пайыз болса, енді 50 пайызға жетті. Яғни тоқсандық баға 50 пайыз күнделікті бағалау нәтижесінен және 50 пайыз аралық бақылау нәтижесінен қалыптасады. Бастауыш сыныпта баланың бір күнгі нәтижесінен гөрі оның тоқсан бойы күнделікті еңбегін, сабақтағы белсенділігін және біртіндеп ілгерілеуін ескеру маңызды.

Екіншіден, БЖБ мен ТЖБ алып тасталып, олардың орнына аралық бағалау енеді. Әр бөлім аяқталғаннан кейін сол бөлім бойынша аралық бағалау жүргізіледі. Ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ өтпейді.

Үшіншіден, бағалау тапсырмаларының мазмұны практикалық бағытқа өзгереді. Бастауыш сыныпта баланың ережені жатқа білуі немесе есептің жауабын дұрыс табуы жеткіліксіз. Ол алған білімін іс жүзінде қолдана білуі керек. Сондықтан тілдік пәндер бойынша бағалау диктант, мазмұндама, шығарма және оқу сауаттылығына бағытталған тапсырмалармен толықтырылады. Математика пәнінде математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану және дүниетану пәндерінде зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына мән беріледі.

Төртіншіден, жазбаша жұмыстарды оқушылар өз дәптерлерінде орындайды. Бала дайын шаблонмен жазбай, өз ойын еркін жеткізіп жазуға дағдыланады.

Бесіншіден, барлық пән бойынша баланың оқу нәтижесі ескеріледі. Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект, музыка, бейнелеу өнері, еңбекке баулу, дене шынықтыру пәндерінен де оқушының жетістігі пәннің ерекшелігіне сәйкес бағаланады.