Қазақстанда былтыр 3,8 мың адам суицид жасап көз жұмған

0
875

Өзіне қол салудың негізгі себептері: жалғыздық, кедейлік және түрлі аурулар.


Қазақстанда былтыр 3,8 мың адам суицид жасап көз жұмған

ERNUR.KZ. Елімізде 2019 жылы 3,8 мың адам суицид жасап көз жұмған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,4%-ға көп. Алдыңғы жылы өзіне қол салғандар саны 3,5 мың адамды құраған болатын.

Суицид жасағандардың 3 мыңға жуығы ер адамдар. Өмірден өз еркімен кеткісі келген әйелдер саны салыстырмалы түрде аз болғанымен (772 қайғылы оқиға), бір жылда бұл көрсеткіш 11,1 пайызға бір-ақ артқан.

Ал, суицид жасауға оқталғандардың саны былтыр 4,8 мың адамды құрады (алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-ға артық). Олардың 2,8 мыңы – ер адамдар, 1,9 мыңы – әйелдер.

Жалпы суицидтен көз жұмғандардың 180-і кәмелетке толмаған балалар: 121 – ұл, 59 – қыз бала.

Өзіне қол салудың басты себептері – жалғыздық (294 оқиға), кедейлік (205), ауыр сырқаттар (136). Сондай-ақ, отбасылық дау-жанжалдан кейін де суицидке баратын қазақстандықтар көп. Десе де, мамандар 2,8 мың суицидтің себебін анықтай алмады.

Ең көп суицид Алматы облысында (425), Шығыс Қазақстан (411) және Түркістан (345) облыстарында тіркелген.