​Қазақстанда допинг қолданған спортшыларға жаза күшейтілмек

0
1 328

Заң жобасы шілдеде үкімет қарауына ұсынылған.


​Қазақстанда допинг қолданған спортшыларға жаза күшейтілмек

ERNUR.KZ. 4 қыркүйекте Астанада үкімет жиынында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан заңдарына допингке қарсы түзетулер енгізу бойынша жұмыс істеліп жатқанын хабарлады, деп жазады azattyq.org.

2018 жылы министрлік дене шынықтыру және спорт саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру үшін кейбір заң актілеріне түзетулер мен өзгертулер енгізу жобасын даярлаған.

Мұхамедиұлының сөзінше, заң жобасы допингке қарсы ережені бұзатындарға қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жазаны қатаңдату, ұлттық допингке қарсы мекемені және сурдоолимпиада комитетінің мәртебесін күшейту мақсатында жасалған.

"Допинг қолданғандарды барлық марапаты мен төлемдерінен айыру қарастырылып отыр. Заң жобасында дене шынықтыру мен спорт саласында демеушілік көрсету саясатын іске асыратын бірыңғай оператор құру көзделген" деді министр.

Заң жобасы шілдеде үкімет қарауына ұсынылған.

Джакартада өткен Азия ойындарында Азия олимпиада кеңесінің президенті Ахмад әл-Фахад Әл-Сабах 2006 жылы Дохада (Катар), 2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) және 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарына қатысқан спортшылардың допинг сынамалары қайта тексерілетінін мәлімдеген.

2015 жылдың соңында Халықаралық олимпиада комитеті 2008 жылы Пекинде және 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарына қатысқан спортшылардың допинг сынамаларын қайта тексерген. Оның қорытындысында Қазақстан Пекинде жеңіп алған бір алтын, екі күміс және екі қола медалін қайтарған.

"Қайта тексеру" кезінде Пекин және Лондон олимпиадаларында чемпион болған қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің сынамасынан тыйым салынған заттар табылған. Ол екі медалін де қайтарып берген.