Бірінші некеге тұрған күйеу жігіттердің үлесі 83,5%-дан 78,1%-ға дейін, ал қалыңдықтардың үлесі 85%-дан 79,1%-ға дейін төмендеген.
ERNUR.KZ. Қазақстанда отбасылық-некелік қатынастарда айтарлықтай өзгерістер байқалып жатыр, деп жазады baq.kz.
Соңғы 5 жылдағы (2020-2024 жж) деректерге сүйенсек, бірінші некеге тұратын жастардың үлесі азайып, қайта некеге тұрушылардың саны артқан. Бұл үрдістер елдегі туу көрсеткішіне де тікелей әсер етеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бірінші некеге тұрған күйеу жігіттердің үлесі 83,5%-дан 78,1%-ға дейін, ал қалыңдықтардың үлесі 85%-дан 79,1%-ға дейін төмендеген. Ал ажырасқаннан кейін қайта үйленетін ер адамдардың үлесі 15,4%-дан 20,8%-ға, әйелдердің үлесі 13,5%-дан 19,4%-ға өскен.
Орташа некеге тұру жасы өсіп келеді
Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Тулешованың ақпартына сай, бүгінде жастар некеге бұрынғыдан кеш тұрып жатыр. Мысалы, бірінші рет үйленіп жатқан ер адамдардың орташа жасы 2020 жылғы 27,5 жастан 2024 жылы 27,9 жасқа өсті. Қалыңдықтардың орташа жасы – 24,8 жастан 25,2 жасқа дейін өскен. Қалалық жастар ауылдықтарға қарағанда кешірек үйленеді.
Өңірлік тұрғыда Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары мен мегаполистердің жастары отбасын кеш құрады. 2024 жылғы мәлімет бойынша, күйеу жігіттердің орташа жасы ШҚО-да – 29,5 жас, СҚО-да – 29,1, ал Қостанайда – 28,9 жас. Қалыңдықтар арасында да ШҚО көш бастап тұр – орташа жас 27 болса, Алматы мен Астанада – 26,5 және 26,4 жас.
Оңтүстік пен батыста – ерте үйлену үрдісі сақталған
Маңғыстау, Атырау, Түркістан облыстарының ерлері орта есеппен 27 жасқа дейін үйленуге тырысады. Ал Түркістан облысының қыздары – 23 жасқа дейін, Жамбыл, Маңғыстау және Шымкент қаласының жастары – 24 жасқа дейін тұрмысқа шығуға ұмтылады.
Азаматтық некелердің үлесі де артып келеді
2021 жылғы ұлттық халық санағына сәйкес, 4 млн-нан астам ер азаматтың 9,7%-ы, ал 4,1 млн әйелдің 11%-ы ресми тіркелмеген некеде тұрып жатқанын көрсеткен. Бұл да отбасылық құндылықтар мен өмір сүру салтының өзгеріп жатқанын дәлелдейді.
Некелік қатынастар – туу көрсеткішінің басты факторларының бірі
Некеге тұру жасының ұлғаюы, қайта некеге тұру, тіркелмеген некелердің көбеюі сынды үрдістер туу деңгейіне тікелей әсер етеді. Осы себепті халықтың некелік мінез-құлқын жүйелі түрде зерттеу – еліміздегі демографиялық ахуалды болжаудың маңызды бөлігі, - дейді Шынар Тулешова.