Өткен 9 айда ЖЭК нысандары 7,8 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді.
ERNUR.KZ. Электр энергиясы тапшылығын төмендету үшін биыл шамамен 2,4 ГВт дәстүрлі энергетикалық қуат көздерін пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің телеграм арнасы.
Бұл тізімге Алматыдағы қуаты 557 МВт болатын ЖЭО-2 мен 544 МВт болатын ЖЭО-3-ті жаңғырту жобалары, қуаты 1000 МВт болатын Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы, сондай-ақ №11 турбоагрегатты іске қосу және Атырау ЖЭО-да №15 қазандықты орнату кіреді. Бүгінгі күні қуаты 240 МВт болатын Қызылорда облысындағы бу-газ қондырғысы, сондай-ақ қуаты 17 МВт болатын Текелі энергия кешеніндегі генераторы бар үш кәдеге жарату қазандығы мен бу турбинасы пайдалануға берілді.
«Өткен 9 айда ЖЭК нысандары 7,8 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Биылға жоспар – 8,8 млрд кВт/сағат. 2026 жылы жиынтық қуаты 245,8 МВт болатын 10 ЖЭК нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде жалпы қуаты 212,6 МВт болатын 7 ЖЭК нысаны іске қосылды. Жыл соңына дейін қуаттылығы 30 МВт болатын 2 СЭС нысанын, сондай-ақ қуаттылығы 3,2 МВт болатын 1 СЭС нысанын іске қосу жоспарлануда», – деді энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Үкімет отырысында.


