Құжатта қателер анықталған кезде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі екі жұмыс күніне тоқтатылады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Қорғаныс министрлігі қайтыс болған зейнеткерлерді жерлеуге берілетін біржолғы төлем мен олардың отбасы мүшелеріне арналған жәрдемақыны тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізді, деп жазады stan.kz.
Қандай өзгеріс енгізілді?
Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 18 тамыздағы №680 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Жаңартылған тәртіп бойынша, мемлекеттік қызмет алу үшін тапсырылған өтініште немесе құжаттарда қате, дәлсіздік анықталса немесе құжаттар толық ұсынылмаса, қызмет көрсетуші орган өтініш берушіге бұл туралы хабарлауы тиіс. Яғни құжатта кемшілік болған жағдайда азаматқа бірден мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылмайды.
Қателерді түзетуге екі жұмыс күні беріледі
Құжатта қателер анықталған кезде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі екі жұмыс күніне тоқтатылады. Осы уақыт ішінде өтініш берушіге анықталған қателерді түзетіп, жетіспейтін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік беріледі. Бұрын бұл мүмкіндік қарастырылмаған болатын. Азамат қажетті құжаттарды хабарлама алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қайта ұсынуы керек. Егер барлық кемшілік белгіленген мерзімде түзетілсе, өтініштің бастапқы берілген күні сақталады. Яғни азамат құжаттарын түзетіп қайта тапсырған кезде оның өтініші жаңа күннен бастап есептелмейді.
Құжаттар уақытында түзетілмесе не болады?
Егер өтініш беруші белгіленген екі жұмыс күні ішінде анықталған кемшіліктерді жоймаса, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады. Сонымен қатар жаңартылған қағидаларда қызмет көрсетуден бас тартудың нақты негіздері көрсетілген.
Олар:
- өтініш беруші тапсырған құжаттардағы немесе олардың ішіндегі мәліметтердің дұрыс еместігі анықталса;
- өтініш беруші немесе ұсынылған материалдар белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;
- мемлекеттік қызмет көрсету тоқтатылған мерзім аяқталғаннан кейін анықталған кемшіліктер жойылмаса.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға себеп болған кемшіліктер кейін жойылса, азамат қызметті қайта алуға өтініш бере алады. Яғни бас тарту азаматтың бұл төлемге қайтадан өтініш беру құқығынан айырылатынын білдірмейді.
Қандай төлем туралы сөз болып отыр?
Өзгерістер Қорғаныс министрлігінің қайтыс болған зейнеткерін жерлеуге арналған біржолғы төлемге және оның отбасы мүшелеріне берілетін біржолғы жәрдемақыға қатысты. Осы тұста жаңа бұйрықта төлемнің мөлшеріне өзгеріс енгізілмеген. Құжат негізінен мемлекеттік қызметті алу кезінде құжаттарды қабылдау және кемшіліктерді түзету тәртібін нақтылайды. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тиісті төлем тағайындалғаннан кейін ол бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Қорғаныс министрлігінің қайтыс болған зейнеткеріне берілетін жерлеу төлемінің нақты мөлшері 2026 жылғы №580 бұйрықта өзгертілмеген.
Алайда Қолданыстағы тәртіп бойынша бұл төлем үш айлық зейнетақы мөлшерінде есептеледі.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қорғаныс министрлігі қызмет бабында қайтыс болған әскери қызметшінің мәйітін тасымалдауға және жерлеуге 314 560 теңге төлейді.
Бұл қаражат мәйітті марқұмның үйіне жеткізуге, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, сондай-ақ құлпытасын жасауға және орнатуға жұмсалады.
"Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілердің мәйітін тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты шығыстар айлық есептік көрсеткіштің сексен еселенген мөлшерінде белгіленсін", – делінген құжатта.


