Министрдің айтуынша, әкімдіктер тарапынан берілетін төлемдер қайта қаралады.
фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдерді тоқтату мәселесін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Қазіргі кезде министрлікте сарапшылар тобы жасақталды. Олар күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдерді алып тастауға қатысты нақты ұсыныстарды әзірлейді. Премьер-министр бұл жұмысты 1 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырған болатын.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова төлемдер бойынша бір мысал келтірді.
"Мысалы, бүгінде мүгедектігі бар баланы үйде оқыту үшін ата-анаға жергілікті бюджеттен төлемдер беріледі. 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін, 300 теңгеден 3 000 теңгеге дейін әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Ал Конституция бойынша әрбір ата-ана өз баласына жауапты, оны оқытуға да, басқа жағдайлар жасауға да құқылы әрі міндетті. Ал мемлекет өз тарапынан мүгедектігі бар бала тіркелген мектепке жоғары тарифпен ақша береміз, оған қоса, ата-анасына да төлем беріледі. Міне, бұл – әділетсіздік. Сондықтан осы нормалар қайта қаралады", - деді Жақыпова мәжілісте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылар тоқтатылмайды, тек жергілікті жерде, яғни әкімдіктер тарапынан берілетін төлемдер қайта қаралады.