Қазақстанда қандай мамандықтар жойылуы мүмкін – министрлік болжамы

0
693

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің орта мерзімді болжамына сәйкес, 2021-2025 жылдары жалдамалы еңбекке жиынтық сұраныс 1 млн адамнан асады.


Қазақстанда қандай мамандықтар жойылуы мүмкін – министрлік болжамы

ERNUR.KZ. Қазақстанда техникалық мамандықтарға сұраныс өсiп келеді. Ал банк қызметкерлерінің қызметіне деген сұраныс жойылуы мүмкін, деп жазады ulysmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің орта мерзімді болжамына сәйкес, 2021-2025 жылдары жалдамалы еңбекке жиынтық сұраныс 1 млн адамнан асады. Бұл ретте 2025 жылға қарай негізгі қажеттілік білім беру саласында қалыптасатын болады – 192 мың адам (18,5%). Одан әрі өңдеу өнеркәсібі – 106 мың адам (10,2%) және ауыл шаруашылығы – 87 мың адам (8,4%).

Керісінше сұраныстың азаюы электрмен және энергиямен жабдықтау – 12,1 мың адам (1,1%), өнер және ойын-сауық – 11,8 мың (1,1%), қаржы және сақтандыру – 9,9 мың адам (0,1%) салаларында күтіледі.

2025 жылға қарай ең танымал техниктер-жалпы бейіндегі механиктер – 6,3 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтың слесарлары – 5,5 мың адам, техникалық және инженерлік бөлімшелердің басшылары – 5 мың адам, локомотив машинистері (метродан басқа) – 3,9 мың адам.

Жойылып бара жатқан мамандықтар туралы айта отырып, еңбек министрлігі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымынының (ЭЫДҰ) бағалауы бойынша, алдағы 15-20 жылда қолданыстағы жұмыс орындарының 14%-ы автоматтандыру нәтижесінде жоғалып кетсе, ал тағы 32%-ы сол себепті өзгеруі мүмкін.

"Жойылып кету қаупі негізiнен біліктілік деңгейі орта мамандықтартарға қатысты. Автоматтандыруға неғұрлым бейім салаларға банктік қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сақтау салалары жатады", - деп атап өтті министрлікте.

Еңбек министрлігі экономиканың тоғыз саласы бойынша талдау жүргізіп, қазіргі заманғы машиналар, станоктар мен жабдықтар адамдардың көмегінсіз операциялардың бір бөлігін орындай бастайтынын, нәтижесінде кәсіптердің бір бөлігі жоғалып кетуі мүмкін екенін анықтады. Нәтижесінде мұнай-газ және тау-кен металлургия, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс салаларында 239 жаңа және 129 жоғалып бара жатқан мамандық анықталды.

"Мысалы, сызбашылар, бункерлеуші, нормалаушы, сметашы, вибродиагностика жөніндегі инженер, кассир сияқты кәсіптердің жоғалуы болжануда. Олардың орнына пилотсыз ұшу аппаратының диспетчері, сандық жобалаушы, "Ақылды үй" жобалаушысы, туристік маршруттардың навигаторын әзірлеуші, блокчейн-технолог сияқты жаңа мамандықтар пайда болады", - деп атап өтті еңбек министрлігінде.