БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына 65 ел қол қойды

0
135

Құжаттың алғашқы күні-ақ оған 65 мемлекет қол қойды.


БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына 65 ел қол қойды

Фото: canva

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 25 қазанда Вьетнам астанасы Ханойда киберқылмыстың алдын алу және онымен күрес жөніндегі әлемдегі алғашқы халықаралық конвенция қол қоюға ашылды, деп жазады inbusiness.kz.

Қол қою рәсімінен кейін әрбір мемлекет оны өз заңнамалық тәртібімен ратификациялауы тиіс.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш салтанатты рәсімде бұл құжаттың маңызын атап өтті:

"БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясы – киберқылмыстан ұжымдық қорғанысымызды күшейтуге бағытталған, заңдық күші бар қуатты құрал. Бұл – көпжақты ынтымақтастықтың өміршеңдігін дәлелдейтін айғақ және қандай деңгейде дамығанына қарамастан, бірде-бір ел киберқылмыс алдында қорғансыз қалмайтынының кепілі", – деді ол.

Конвенцияның басты мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды теріс пайдалануға байланысты өсіп келе жатқан қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл шараларын күшейту. Бұл, әсіресе, терроризм, адам саудасы, қаржылық алаяқтық және есірткі контрабандасы сияқты қылмыстардың алдын алу үшін маңызды.

Құжат киберқылмысқа қарсы күресте елдердің әлеуетін арттыруға, әсіресе дамудағы мемлекеттермен ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.

Конвенцияның негізгі тармақтары:

Барлық ауыр қылмыстар бойынша электрондық дәлелдерді жинау, алмасу және пайдалану үшін алғашқы жаһандық механизм құру;

Киберқылмыс пен онлайн-алаяқтық, сондай-ақ балаларды интернет арқылы сексуалды қанау немесе құқық бұзушылыққа тарту үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;

Жеке интимдік суреттерді заңсыз тарату — халықаралық құқықта алғаш рет қылмыс ретінде танылды;

Мемлекеттер арасында жедел әрекеттесуге арналған тәулік бойғы жаһандық желі құру;

Мемлекеттердің киберқылмыстарды тиімді тергеу әлеуетін арттыру қажеттілігі мойындалды.

БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Гада Вали бұл құжаттың тарихи маңызын атап өтті:

"Киберқылмыс ұйымдасқан қылмыстың табиғатын түбегейлі өзгертті. БҰҰ-ның жаңа конвенциясы елдерге осы қауіппен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Ендігі мақсат – құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету".

Аталған Конвенция 2024 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған. Ол 40 мемлекет ратификациялағаннан кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді.