Қазақстанда кішкентай баласы бар мемлекеттік қызметкерлер өзіне икемді жұмыс режиміне өте алады

0
132

Қызметкерлер жұмысқа нешеде келетінін өздері шешсе де, басты талап 8 сағаттық жұмыс уақыты сақталуы керек.


Қазақстанда кішкентай баласы бар мемлекеттік қызметкерлер өзіне икемді жұмыс режиміне өте алады

Фото: pro-personal.ru

ERNUR.KZ. Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлерге таңдау еркі берілді, енді олар жұмыс күнін бір сағатқа кейін бастай алады. Бұл шешім әсіресе мектепке немесе балабақшаға баратын баласы бар ата-аналарға ыңғайлы болмақ, деп жазады stan.kz.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин ерте келгісі келмейтіндер де өз ыңғайына қарай жұмыс уақытын таңдай алатынын айтты.

"Балабақшаға немесе мектепке баратын кішкентай балалары бар ата-аналар икемді жұмыс режиміне өте алады. Олар өз кестесін өзі белгілейді. Жұмысқа 09:00-де, тіпті, 10:00-де келуге рұқсат етіледі. Бірақ сегіз сағат жұмыс күнін сақтау шарты сақталады", – деді Ерболат Абулхатин.

Қызметкерлер жұмысқа нешеде келетінін өздері шешсе де, басты талап 8 сағаттық жұмыс уақыты сақталуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі алдағы жылы елімізге шамамен 3 миллион жаңа маман қажет болатынын айтты. Себебі технология дамып, еңбек нарығында бұрын болмаған жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Осыған байланысты оқу бағдарламаларын жаңарту, гранттар бөлу және мамандарды қайта оқыту жұмыстары жүргізілуі керек.

Сонымен қатар 2029 жылға дейін 3,5 миллион адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Вице-министрдің айтуынша, биылдың өзінде 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан, олардың 38%-ы жастар. Дегенмен, оқуын бітірген түлектердің 30%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді деген мәселе әлі де өзекті болып тұр.