Қазақстанда көпбалалы аналар қандай салықтан босатылады

0
122

Қазіргі таңда елімізде 2,3 млн-нан астам балалы отбасы әлеуметтік төлем алады.


Қазақстанда көпбалалы аналар қандай салықтан босатылады

ERNUR.KZ. Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында елімізде көпбалалы аналарға қандай жеңілдіктер барын айтып берді, деп жазады baq.kz.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден көпбалалы аналарға арналған жеңілдіктер бойынша преференциялар жүйесін қарастыруға қатысты сауал жолдаған еді. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттың сауалына ресми жауап беріп, елімізде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасқанын атап өтті. Олар – мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары, салық жеңілдіктері.

Қазіргі таңда елімізде 2,3 млн-нан астам балалы отбасы әлеуметтік төлем алады. Биылдың өзінде шамамен оған 1,5 трлн теңгеден астам қаражат (оның ішінде республикалық бюджеттен 750,2 млрд теңге) бөлінді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақылар отбасының табысына қарамастан төленеді, - делінген ресми жауапта.

Олар мынадай төлемдер:

- жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлем;

- бала туғанда;

- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша;

- мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар;

- көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға арналған жәрдемақылар.

Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы отбасындағы балалар санына қарай төленеді.

Олар:

- 4 баласы бар отбасыларға – 59 183 теңге;

- 5 баласы барларға – 73 988 теңге;

- 6 баласы барларға – 88 793 теңге;

- 7 баласы барларға – 103 598 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыға – әр балаға 14 768 теңгеден қосылады.

Бұдан басқа 5 және одан да көп баласы бар отбасылар (2020 жылы – 8,4%, 2024 жылы – 9,8%) үлесі мен наградталған аналар саны (2020 жылы – 232 320 адам, 2024 жылы – 237 636 адам) соңғы 5 жылда өскен. Бұл қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесінің және Үкімет тарапынан атқарылып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді, - делінген Бектеновтің ресми жауабында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес наградталған көпбалалы аналар мынадай салықтардан босатылады:

- көлік салығы;

- жер салығы;

- мүлік салығы;

- нотариалдық және заңдық маңызы бар іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж;

- тұрғылықты жерде тіркеу;

- төлқұжат және паспорт алу т.б.