Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация басталды

0
460

Мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, ревакцинация КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың алғашқы курсында қолданылмаған вакцина түрлерімен жасалады.


Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация басталды

ERNUR.KZ. Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында коронавирусқа қарсы ревакцинация басталды, деп жазады sputnik.kz.

Ревакцинация – бұл коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын алу. Кейде "бустерлік вакцина" термині қолданылады, яғни тағы біреу, қосымша деген мағынаны білдіреді.

Әдетте бустерлік екпе ретінде кәдімгі вакцинаның толық немесе жарты дозасы қолданылады.

Коронавирусқа қарсы ревакцинация не үшін қажет?

Уақыт өте келе ағзаны инфекциядан қорғау деңгейі төмендейді. Ал антиденелер, В-лимфоциттер, Т-лимфоциттер және Т-жад жасушалары сияқты иммунитеттің құрамдас бөліктері қайтадан жұмыс істеуі үшін екпені қайталау керек.

Әлемде ковидке қарсы ревакцинация қалай жүріп жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейбір сарапшылары халқының көп бөлігі әлі де егілмеген мемлекеттерді жаһандық ауқымда вакцинамен қамтамасыз ету маңыздырақ деп санайды.

ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесус тіпті COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның үшінші дозасына уақытша мораторий жариялауды ұсынды. Ол пандемияны тоқтатып, вирустың мутациялануын болдырмау үшін қазіргі таңда кедей елдерді вакцинамен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар ДДҰ басшысының айтуынша, бустерлік вакцинаның қажеттілігі мен оның салдары туралы әлі нақты ғылыми деректер жоқ.

Кейінірек ДДҰ сарапшысы, Халықаралық тропикалық медицина федерациясының президенті, профессор Сантьяго Мас-Кома коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өту қажет екенін хабарлады, өйткені вакциналаудан кейінгі иммундық қорғаныс бірнеше айға ғана созылады. Оның айтуынша, ревакцинация кезінде басымдық қарт адамдарға берілуі керек.

Қазақстанда ревакцинация қалай өтеді

Қараша айының басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке халықты коронавирусқа қарсы қайта вакцинациялау науқанын бастауды тапсырған болатын.

"Мемлекеттердің басым бөлігі халықты қайта вакцианалуға кірісті. Біз белсенді түрде екпе салуды наурызда бастағанымызды ескерсек, қайта вакциналау мерзімі жетті. Үкімет пен әкімдіктер халықты қайта вакциналау науқанына кірісуі керек", - деген еді Тоқаев Екібастұзда өткен жиында.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елдегі эпидемиялық жағдай әлі де тұрақсыз – күн сайын коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар саны 30-ға дейін жетіп отыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов министрлікте ревакцинация мәселесін зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын айтты. Сарапшылар ревакцинацияның халықаралық тәжірибесін зерттеп, әлемдік жетекші сарапшылармен кеңесіп, бустерлік екпе оң нәтиже береді деген ортақ пікірге келді.

22 қарашадан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ревакцинация басталды.

"Ревакцинация 22 қарашада басталады, ол екі кезеңнен тұрады. Елде алдымен тәуекел тобындағы адамдар вакцина салдырғанын ескерсек, бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар тәрбиеленетін жабық мекемелердің қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері вакцина салдырады. Олардың бірінші вакцинаны қашан салдырғаны ескеріледі", - деді денсаулық министрі Алексей Цой үкімет отырысында.

Қазақстанның мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, ревакцинация КВИ-ге қарсы вакцинациялаудың алғашқы курсында қолданылмаған вакцина түрлерімен (белсенділігі жойылған вакцина, векторлық вакцина, м-РНҚ-вакцина) жүргізіледі.

Ревакцинация мынадай аралықтарды сақтай отырып жүргізіледі:

  • векторлық вакциналарды енгізгеннен кейін – 9 айдан соң;
  • белсенділігі жойылған вакциналарды және м-РНҚ-вакциналарды енгізгеннен кейін – 6 айдан соң.

Ревакцинацияны КВИ-ге қарсы алғашқы вакцинациялау курсына пайдаланылған вакцинамен жасауға рұқсат беріледі.

Ревакцинация жасататын халықтың тәуекел топтары:

  1. медицина қызметкерлері;
  2. педагогтар;
  3. күш құрылымдары қызметкерлері;
  4. медициналық-әлеуметтік мекемелердің персоналы мен контингенті;
  5. 60 жастан асқан адамдар;
  6. Вакциналаудың аяқталған курсынан кейін КВИ-ге қарсы антиденелер анықталмаған иммунитеті әлсіреген адамдар (иммуносупрессивті терапиядағы адамдар (лейкемияны, лимфоманы және миеломаны қоса алғанда, қатты ісікті немесе гематологиялық қатерлі ісікті белсенді иммуносупрессивті емдеу немесе осындай емдеу тоқтатылғаннан кейін 12 ай ішінде), гемодиализдегі адамдар, трансплантат реципиенттері, АИТВ жұқтырған ауыр бастапқы иммун тапшылығы);
  7. өз бетінше тексерілген (КВИ-ге қарсы вакциналаудың алғашқы курсы аяқталғаннан кейін 28 күннен ерте емес) және КВИ-ге қарсы антиденелерге зерттеудің теріс нәтижесі бар адамдар.

Қаулының толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.