2200-ден астам құқықбұзушылыққа қатысты 82,8 миллиард теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
фото: egemen.kz
Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі адамзат атаулыны алаңдатып отырған проблемалардың бірі – экологиялық ахуалдың нашарлауы. Бара-бара түрлі жануарлар жойылып, қорғауға алынған өсімдіктер шабылып, атмосфера былғанып жатқан кезеңде бұлай болатыны заңдылық. Дегенмен, қоршаған ортаның жағдайына бас қатыратын елдерде мәселелерді жою және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың арасында табиғи байлығы мол Қазақстан да бар. Сөзімізге дәлел ретінде осы саладағы жұмыстармен тікелей айналысатын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өткен жылы атқарған тірліктерін назарға ұсынбақпыз.
Аталған ведомствоның негізгі бағыттарының бірі – бақылау-инспекциялық қызмет саласы. Сәйкесінше минитрлік тарапынан 2024 жылы мыңнан астам тексеру атқарылған. Нәтижесінде 2600-ден аса құқықбұзушылық тіркеліп, 2200-ден астам құқықбұзушылыққа қатысты 82,8 миллиард теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Сондай-ақ, министрлік тарапынан өткен жылы азаматтар мен тұлғаларға он үш мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұл тұрғыда ведомство озық технологияны қолданысқа ендіру, қоршаған ортаға тарайтын түрлі зиянды шығындылар көлемін азайту және экологиялық қауіпсіздік бағыттарына басымдық береді.
Одан бөлек, министрлік жүргізген жұмыстар нәтижесінде 2024 жылы бес мыңға тарта рұқсат етілмеген қоқыс алаңы анықталып, түгелдей дерлік жойылған. Және де осындай олқылықтың орын алуына жауапты болған 164 тұлғаға 9 миллион 300 мың теңге айыппұл салынған.
Елімізде атмосфераға зиянды қалдық шығаратын кәсіпорындар да қатаң бақылауға алынып, ауаға тарайтын қалдықтарды бақылау жүйесі орнатылып жатыр. Өткен жылдың өзінде мұндай жүйе жетпіске тарта кәсіпорынға қойылған. Ал, бұл тапсырманы уақтылы орындамаған тұлғалар жауапкершілікке тартылып, 15 миллион теңгеден аса айыппұл арқалаған.
Енді 2024 жылы атқарылған ауқымды іс-шараларға кезек берсек. Былтыр КЛИМАТТЫ САҚТАУ саласында Әзірбайжан елендегі Баку шаһарында Біріккен ұлттар ұйымының «СОР29» атты саммиті өтіп, қазақстандық алаңда жиырма бір құжатқа қол қойылды. Осы сала бойынша қазақстандықтар ұсынға 130-ға жуық жобаның 24-і «GCIP» деп аталатын әлемдік бағдарлама шеңберінде акселерациядан сәтті өткен. Ал, Отандық «Ozen-M» жобасы былтырғы әлемдік деңгейдегі «Cleantech Days» іс-шарасы шеңберінде екінші орынды иеленген. Одан бөлек, былтыр ең озық әрі қолжетімді тәсілдер бойынша төрт бірдей анықтамалық даярланған.
Сонымен бірге, былтыр басымдыққа ие болған бастамаларды жүзеге асыру мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қорымен» 183,4 миллиард теңгеге келісімшарт түзіліп, аталған қаржы бірнеше салаға бағытталған. Атап айтқанда, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар құрылысына 66,4 миллиард, негізгі құрал-жабдықтарды жаңартуға елу миллиард, орманды алқаптардағы өрттің алдын алу және қауіптің бетін қайтаруға арналған техникалар сатып алуға отыз бес миллиард, Отандық автопаркке зияны аз автобустар сатып алуға он бес миллиард теңге бөлінген.
ЖҮЙЕДЕГІ ЖАҢАЛЫҚТАР:
● Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасы-Жомарт Тоқаев ел аумағында екі миллиард түп ағаш егу туралы тапсырма берген еді. Осы тапсырмаға сәйкес, былтыр Қазақстанда шамамен 265 миллион түн ағаш көшеті отырғызылыпты.
● Біршама уақыт бұрын ел Президенті өрт сөндірушілердің мәртебесін көтеріп, жалақысын көбейту жөнінде тапсырма берген еді. Осыған орай 2024 жылдың шілде айынан бастап ормандағы бекеттер мен өрт сөндіру қызметіндегі жұмысшылардың жалақысы 100 пайыз көлемінде көбейтілді. Бұл істің игілігін шамамен 3300 төтеншелік көрген.
● 2024 жылы орман шаруашылығы саласында тағы бір тарихи оқиға орын алды. Нақтырақ айтқанда, бірінші мәрте 1400 данаға жуық өрт сөндіру техникасы мен 900-ден астам тіркеме және өзге де құралдар сатып алу үшін 52 млрд теңге бағытталды.
● Былтыр ел аумағындағы орман алқаптарында 294 өрт оқиғасы орын алыпты. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда үш есе аз екен. Тілсіз жау жалмаған алқаптың көлемі де бірнеше есе кішірейген.
● Өткен жылдың маусым айында Берлин және Прагадағы хайуанаттар бағынан Қостанай аумағындағы «Алтын-Дала» резерватына алғаш рет жеті бірдей «Прежевальский» жылқысы әкелінді.
● Ал, қыркүйек айында Нидерландыдағы зообақтан «Іле-Балқаш» резерватына екі жолбарыс әкелінді.
● Ресми деректерге сүйенсек, әлемдегі киік аңының 99 пайызы Қазақстан аумағында өмір сүреді. Осы орайда бірнеше жыл бұрын киіктер жойылып кетудің алдында тұрып, мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында көбейгендігін айта кету керек. Өткен жылы жүргізілген санақ нәтижесіне сәйкес, ел аумағындағы киік саны 2 миллион 833 мың 600-ді құраған. Олар Орал, Үстірт және Бетпақдала популяциясы болып бөлінеді. Осылайша қызыл кітапқа енген киік популяциясының жағдайы біршама жақсарды.
● 2024 жылдың қыркүйегінде «Алтын дала», «Іле-Балқаш» резерваттарының аумағына «Алтын-Емел» атты ұлттық табиғи парктің аумағындағы құландарды қайта ендіру жобасы іске асырыла бастады. Аталған бастама шеңберінде жетпіске тарта құлан ауланып, жоғарыда көрсетілген резерваттарға жеткізілген. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, бұл да бір тарихи оқиға болып саналады. Себебі, осы уақытқа дейін құлан аңдары мұндай ұзақ аумаққа толықтай жағдаймен жайлы түрде тасымалданбаған көрінеді.
Б.Мейірханұлы,