Қазақстанда мектептер мен балабақшаларға жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер өткізу қарастырылған.
Фото: Zakon.kz
Заңға сәйкес, жоспарлы тексеру білім беру ұйымының жоғары, орташа немесе төмен тәуекел деңгейіне жатқызылуы негізінде тағайындалады. Жоспарлы тексерулер жылдық тексерулер тізімі бойынша тексеру актісіне сәйкес өткізіледі.
Ал жоспардан тыс тексерулер субъектілерді алдын ала хабарламай жүргізіледі. Жоспардан тыс тексерудің негіздері мыналарды қамтиды:
- мемлекеттік бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жоюға арналған талаптардың орындалуын қадағалау;
- жеке және заңды тұлғалардың арыздары;
- прокурордың заң бұзушылық фактілеріне байланысты талабы;
- мемлекеттік органдардың заң бұзушылық фактілері бойынша өтініштері;
- бұзушылық туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдар;
- қылмыстық іс жүргізу органы тапсырмасы.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы заңға қол қойды. Заң аясында Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік кодекстеріне, сондай-ақ "Некеге және отбасыға", "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі", "Қазақстандағы тілдер туралы", "Қазақстандағы бала құқықтары туралы", "Мәдениет туралы", "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


