Қазақстанда оқулықтарды сапасыз дайындаған авторлар жауапкершілікке тартылады

0
654

Жаңартылған мазмұн бойынша асығыс жазылған кітаптардың сапасы мүлде сын көтермейді.


Қазақстанда оқулықтарды сапасыз дайындаған авторлар жауапкершілікке тартылады

ERNUR.KZ. Оқулықты сапасыз қылып дайындаған авторлар болашақта заң жүзінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өйткені соңғы 4 жылда мектептерде оқытылып жатқан кітаптардың мазмұны мен құрылымы мүлде сын көтермейді екен. Бұл мәселені бұрын ,ілім министрлігін басқарған, қазіргі сенатор Бақытжан Жұмағұлов көтеріп, премьер-министрге хат жолдады. Дегенмен, "Оқулық" орталығының мамандары келесі жылдан бастап кітаптарда бірде-бір қате болмайды дейді, деп жазады Stan.kz.

Көпшіліктің пікірінше, жаңартылған мазмұн бойынша асығыс жазылған кітаптардың сапасы мүлде сын көтермейді. Қоғамда әбден талқыға түскен бұл мәселені сенат депутаттары да көтерді.

"Оқулықтар туралы сын әркез болып жатыр. Бірақ 2016 жылдан бері үзбей жалғасып келе жатқан сын мұндай деңгейде болған емес. Мұның себеп-салдары неде?", - деді сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Депутаттардың айтуынша, Сағадиевтің кезінде "кэмбридж" моделіне негізделген кітаптар асығыс енгізіліп, соның салдарынан сапасыз бағдарлама енгізіліп, кейін ұатеге толы оқулықтар шығарыла бастаған екен. Енді оны қалыпқа келтіру өзге министрдің еншісінде болғандықтан, сенаторлар оқулықта пайдаланатын терминдерді бекітіп, ал сауатсыз кітап жазған авторларды заң жүзінде жауапкершілікке тартуға дейін бару керек екенін айтты.

Ал бұл мәселеге жауапты ұйым ең алдымен оқу бағдарламаларын ретке келтіру керектігін алға тартты.

"Бүгінгі көп сынның негізгі бағытын анықтап көрген кезде, оқулықтардағы мәтіннің түсініксіз, бала жасына сәйкес еместігі туралы көп айтылады. Оны дәлелдеу үшін міндетті түрде лингвист, психолингвист ғалымдар қажет", - деді "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев.

Қазіргі таңда оқулық сапасына жауап беретін нақты маман жоқ. Өйткені, оқулықты бірнеше адам бекітеді. Енді Қазақстанда әр пәннің бас сарапшысы болады. Барлық міндет сол маманның мойнына жүктеліп, толықтай өзі жауап бермек.

"Оқулық" орталығының басшысы келесі жылдан бастап балалар бірде-бір қателігі жоқ кітаптан білім алады деп сендірді.