Қазақстанда оқушылардың каникул мерзімдері қысқаратын болды

0
675

Жазғы каникулдың уақытын ауыстыруға қатысты талас-тартыс ары өрбуде.


Қазақстанда оқушылардың каникул мерзімдері қысқаратын болды

ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті министр Асхат Аймағамбетовтің "Орта білім беру ұйымдарында 2022–2023 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы" бұйрығының жобасын әзірледі, деп жазады inbusiness.kz.

Аты айтып тұрғандай, құжат жаңа оқу жылындағы балалардың демалыс мерзімдерін өзгертеді. Оны жекеменшік мектептер де сақтауға міндетті болады. Бірден айта кетелік, бұрынғыға қарағанда, каникулдар біршама қысқарады, сол арқылы оқу апталары ұзармақ.

Сонымен, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында оқу жылының басталуы, ұзақтығы және каникулы кезеңдерінің келесі мерзімдері айқындалады:

  • біріншіден, 2022–2023 оқу жылы дәстүрлі түрде 2022 жылғы 1 қыркүйекте басталады. Биылғы жылы "Білім күні", 1 қыркүйек апта ішінде бейсенбіге тұспа-тұс келеді. Айтқандай, Аймағамбетов бұйрығы жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы қате. Онда "2022–2022 оқу жылының басталуы – 2021 жылғы 1 қыркүйек" деп жазылған. Аймағамбетов қол қоя салмас бұрын оқыса жөн.
  • екіншіден, жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 35 оқу аптасын құрайды. Ал 2–11 және 12-ші сыныптарда – 36 оқу аптасына созылады. Салыстырсақ, 2021–2022 оқу жылында оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда – 33 оқу аптасын, ал 2–12-сыныптарда – 34 оқу аптасын құраған болатын.
  • үшіншіден, оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері былайша белгіленіп отыр: 1–11 (12), яғни барлық сыныптарда күзгі каникул – 7 күнді құрайды. Яғни, 2022 жылғы 31 қазаннан 6 қараша аралығында. Қысқы каникул – 9 күн: 2022 жылғы 31 желтоқсан мен 2023 жылғы 8 қаңтар аралығында. Көктемгі каникул – 9 күнді: 2023 жылғы 18–26 наурыз аралығын қамтиды. Салыстыра кетсек, биылғы көктемде аяқталған алдыңғы оқу жылында 1–12-сыныптарда күзгі каникул – 7 күнге (2021 жылғы 1-7 қараша аралығына), қысқы каникул – 18 күнге (2021 жылғы 30 желтоқсан мен 2022 жылғы 16 қаңтар аралығына), көктемгі каникул – 12 күнге (2022 жылғы 19-30 наурыз аралығына) созылған.
  • 1-сыныптарда 7 күндік қосымша каникул белгіленеді: ол 2023 жылғы 6–12 ақпан аралығында беріледі. Алдыңғы оқу жылында бұл бонус-каникул 7–13 ақпан аралығында ұсынылған.

Бірақ ата-аналар мен педагогтердің үлкен бөлігін жазғы каникулға қатысты мәселе алаңдатыр отыр. Бұйрықта ол туралы сөз жоқ. Бұған дейін сарапшылар мен бірқатар мектептердің өкілдері министрлікке оқу жылын қыркүйекте емес, тамызда бастап, мамырда емес, маусым соңында аяқтауды ұсынған болатын. Идея авторларының түсіндіруінше, қосымша оқу апталарын қосу бір күн ішіндегі сабақтар санын азайтуға мүмкіндік береді. Әйтпесе, үшауысымды мектептерде соңғы ауысым оқушылары үйлеріне түн қараңғылығында оралуға мәжбүр.

Тиісінше, оқу жылын ұзартса, біріншіден, шәкірттерге оқу жүктемесі азаяды. Екіншіден, жаңа пәндерді енгізуге мүмкіндік пайда болады. Үшіншіден, әр пәндегі "күрделі" тақырыптарды меңгеруге көбірек уақыт бөлінеді, оларға оралып, қайталауға жол ашылады. Төртіншіден, бастамашылардың байламынша, тым ұзақ – 3 ай демалу балалардың білімді жоғалтуына соқтырады: жаз бойы армансыз сайран салған балалар жыл бойы оқығанын ұмытатын көрінеді. Ал егер олар 1–2 ай ғана тынықса, оқу жылында үйренгендері есінде қалады.

Әлеуметтік желіде тіпті тұрмысы төмендеген Қазақстан халқының үш ай бойы баласын қайда жіберерін білмейтінін де дәйектеме ретінде айтқандар болды: қазақстандықтардың көбі шетелге, тіпті Қазақстанның курорттары мен көрнекті орындарына бара алмайды, қалалықтардың үлкен бөлігінде баласын ауылға, ата-әжесінің қолына апарып тастауға мүмкіндігі жоқ. Содан балалар көшенің шаңын бұрқыратып, бос сенделеді немесе компьютерлік ойындармен уақытын құртады.

"Біздің елде оқу апталарының саны аз: 34-тей ғана. Ал каникул – әлемдегі ең бір ұзағы: жылына 130 күннен асады. Салыстырсақ, Израилде оқу ұзақтығы 84 күн, Оңтүстік Кореяда – 90, Жапонияда – 102 күн. Зерттеу көрсеткендей, балалар ұзақ үзілістен соң бұрын оқыған, зерделеген материалының 25 пайызын ұмытып қалады. Сондықтан біз оқу жылын 38 аптаға дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Білім күні 15 тамызда басталсын, 5 маусымда аяқталсын. Немесе 1 қыркүйекте басталып, 20 маусымға дейін созылсын", – деді журналистерге BINOM SCHOOL мектебінің басқарушы директоры Арайлым Мағзұмова.

Ал "Әділет" орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрағасы Динара Құдайкұлова осы мәселеге арналған дөңгелек үстелде балалар 20–25 тамызда оқуды бастап кетуге тиіс деген ұсынысын айтты.

Алайда бұл бастамаға қарсы тараптың да дәйектемесі мықты. Ұсыныс қабылданғанның өзінде біріншіден, балалардың оқу жүктемесі күніне небары 1–2 сабаққа ғана қысқарады екен. Мысалы, көбісі бұрынғы 7 сабақ орнына 6 сабақ оқиды. Яғни, айтарлықтай жеңілдемейді.

Психолог, педагог Динара Айтқазинаның пікірінше, егер Асхат Аймағамбетов осы шағын топтың шылауында кетсе, заңды бұзады.

"Ұстаздар кезінде "Педагог мәртебесі туралы" заңынан үлкен үміт күтті, оның жобасына мұғалімдерді әлеуметтік қорғауға және мәртебесін көтеруге бағытталған салмақты ұсыныстар енгізілді, бірақ БҒМ оның басым көпшілігін лақтырып тастады. Салмақтылары санаулы, соның бірі – ұзақтығы 56 күнге созылатын, ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы. Енді балалардың жазғы каникулын бір айға азайтып тастайтын болса, мұны да кемітуге тура келеді. Себебі, педагогтер демалыстан шыға сала, сабақ өткізе алмайды, оған біраз дайындалуы, оқу материалдарын әзірлеуі қажет. Басқа да жұмыстары жетерлік. Каникулдың қысқартылуы бұған мүмкіндік бермейді", – деді сарапшы.

Үшінші қарсы дәлел: бұл қадам балаларды қосымша білім алу, тұлғалық өсу мүмкіндігінен айырады. Өйткені ата-аналардың айтуынша, 5, 7 сабақ болсын, бәрібір оқу кезінде балалар моральдық, психологиялық, физикалық түрде шаршайды. Содан шығармашылық-өнер үйірмелеріне баруға, спорт секцияларына қатысуға зауқы соқпайды, күш-қуаты жетпей жатады. Сондықтан ата-аналар балаларын үйірмелер мен секцияларға жазғы каникул кезінде апарады. Мемлекет те "Артспорт" бағдарламасы аясында оларға тегін бару мүмкіндігін ұсына бастады.

Төртіншіден, каникулдың қысқартылуы педагогтердің кәсіби тұрғыдан өсу мүмкіндігін жоюы мүмкін. Жалақыларының жоғарылауы арқасында қазіргі кезде мұғалімдер жазда шетелге сапарлайды, оқу курстарына, семинарларға қатысады, тіпті қосымша мамандық игеруге мән береді.

Тағы бір басты дәйектеме – буллингтің өрістеуі. Бұл проблеманың ушыққаны сонша, кейінгі жылда Президенттің өзі осы мәселені бірнеше рет көтерді. Соңғысында – өткен аптада, 14 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені өзін шын алаңдататынын жасырмады. Оның үстіне мектептердің 65 пайызында, яғни, 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді екен.

Ел Президенті Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы оқиғалары көбейіп бара жатқанына шошынды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқығын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар жасауды тапсырды.

Ал егер әлжуаз, қорғансыз балаларды тамыздан маусым соңына дейін өзін ұратын, қорлайтын, зорлайтын тентек-телімен бірге қамап қойса, яғни олардың бірге жүру уақытын күрт ұзартса, бұл үрейлі оқиғалар да күрт өспей ме? Зерттеу Қазақстанда мектеп қабырғасында қатал буллингке әрбір 5-ші оқушы тап болатынын көрсетті. Ұлттық статбюроның дерегінше, 2021–2022 оқу жылында 3 597 159 оқушы болған. Яғни, білім ордаларында жүздеген мың бала әлімжеттіктің құрбаны болатыны аңғарылады. Жүздеген мың бала каникулдың тезірек келуін армандайды. 3 ай каникул олар үшін психологиялық сауығу, өзіне-өзі келу кезеңі саналады.

"Оқу жылын маусымға дейін ұзартпауды сұраймыз. Бұрынғы қалыпта қалғанын қалаймыз. Бұл ретте дамыған елдердің үлгісі алға тартылып отыр. Ал олардан айырмашылығы, қазақстандық мектептердегі сыныптар кондиционерлермен жабдықталмаған. Біздің мектептерде мамыр айында бөлмелер, сыныптар адам төзбестей қапырық, ыстық бола бастайды. Жазғы аптапта жайлы оқуға еш жағдай жасалмаған. Тіпті шөлдеген балалар су ішуі үшін диспенсерлер, су қайнатқыш бойлерлер қойылмаған", – дейді шағым иесі Гүлмира Нысанбаева.

Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетов бұл мәселе бойынша жауап берді.

"Оқу жылының ұзақтығына қатысты мәселе қазір қаралу үстінде. Әзірге шешім қабылданған жоқ. Сарапшылар өз ұсыныстарын ортаға салуда. Ата-аналардың да пікірі назарға алынады", – деп қысқа қайырды ол.

Бір істі түзетемін деп, билік жаңа проблема жамап алмаса болғаны. Оқушылардың оқу жүктемесін кейбір қажеті шамалы пәндердің сағатын қысқарту не алып тастау арқылы шешуге болады. Мысалы, сарапшылар, ұлтжанды азаматтар Қазақстанда Ресей әдебиетін оқытуды алып тастауды ұсынады. Бұл Кеңес одағының сарқыншағы болса керек. Қазақстандық балалар Абайдың кім екенін де білмейді, ал ресейлік телеарналар арқасында Пушкиннің шығармашылығын жақсы біледі.