Министрлікте банк қызметі нақты айналымдарды жасыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде қолданылатынын және көлеңкелі айналымдардың дамуына ықпал ететінін айтты.
ERNUR.KZ. Қаржы министрлігі бизнесмендерге арналған онлайн аударымдарға салынатын салық туралы норманың сәйкессіздігін айтқан мәжіліс депутатына жауап берді, деп жазады Stan.kz.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов бизнесмендерге арналған онлайн-аударымдарға салынатын салық туралы норманың сәйкессіздігін сынға алған.
Министрлікте банк қызметі нақты айналымдарды жасыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде қолданылатынын және көлеңкелі айналымдардың дамуына ықпал ететінін айтты. Ал банк шартының талаптарына сәйкес клиент есепшот пен картаны кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында пайдаланбауы керек.
"Мемлекет тарапынан бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Шамамен 1,2 миллион микро және шағын бизнес субъектілері үш жылға табысынан салық төлеуден босатылған және тексеруге үш жылдық мораторий жарияланды. Бұл ретте мораторий кезеңінде кәсіпкерлер тарапынан барлық қолданыстағы заңнамалық норманы адал орындау күтіледі", - деп еске салды ведомство өкілі.
Алайда, Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, онлайн-аударымдардың көмегімен кәсіпкерлер кассалық чектер бермейді, салық есептілігінде айналымдарды көрсетпейді, аударымдар тауарларды өткізу немесе қызметтер көрсету кезінде оларға қатысы жоқ үшінші тұлғалардың атына келіп түседі. Нәтижесінде Салық кодексінің, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңның және Азаматтық кодекстің нормалары бұзылады.
Бұл саланы заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін Қаржы министрлігі онлайн аударымдарды жеке және кәсіпкерлік аударымдарға бөлуді және кәсіпкерлік үшін жеке есепшот пайдалануды ұсынды.
"Бұдан басқа, ведомство "онлайн төлемдер" ұғымын айқындауды және кәсіпкерлік қызметке арналмаған есепшоттарды пайдалана отырып, табыс алу белгілерін айқындайтын жүйені әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл салықтың жаңа түрін білдірмейді", - деді ведомство өкілі.
Сауалда депутат жиналған тәжірибе бойынша қоғам да, коммерсанттар да шенеуніктердің аударымдарды ажырата алатынына сенбейтінін атап өтті.
Қаржы министрлігі кәсіпкерді жауапқа тартпас бұрын дәлелдемелер жинаймыз деп уәде берді.
"Мысалы, сауда объектісінің сөресінде аударымдарды қабылдау туралы ақпараттың болуы және телефон нөмірін көрсету, тұтынушылар тарапынан сатушы аударымды алу және фискалдық чекті бермеу фактілері туралы келіп түсетін шағымдардың болуы, ұзақ уақыт бойы кассалық тәртіптің төмендеуі, мемлекеттік кіріс органдарының талаптары мен ұсынымдарын бірнеше рет елемеу", - деп атап өтті Қаржы министрлігі.
Депутат Раманқұлов жаңа норма қаржы секторындағы цифрландырудың беделін түсіріп, бөлшек сауданы қолма-қол банкноталарға оралуға мәжбүр ететінен мәлімдеді.
Алайда, министрлік банктер инновацияларға келіскенін айтты.
"Мысалы, Kaspi Bank жеке кәсіпкерлерге арналған Kaspi Pay мобильді қосымшасын әзірледі. Онда сатып алушылар төлемді қолданыстағы Kaspi қосымшасы арқылы QR-кодын сканерлеу арқылы жүргізеді. Былтырғы қыркүйектен бері 2021 жылдың 30 наурызына дейін белсенді серіктестер саны 62 мың кәсіпкер болған. Биыл бір айда 11 мыңнан аса жеке кәсіпкер қосылды. Транзакция көлемі 65 миллиард теңге болды және аптасына 15 миллиард теңгеден асады", - деді министрлікте.
Осылайша, Қаржы министрлігінің мәліметінше, түзетулер жеке тұлғалардың жеке аударымдарына әсер етпейді.