Қазақстанда онлайн рәсімделген несие шотқа бір тәулік ішінде түседі

0
160

Онлайн рәсімделген несиенің сомасы қомақты болса, бірден шотқа аударылмайды.


Қазақстанда онлайн рәсімделген несие шотқа бір тәулік ішінде түседі

Фото: Freepik.com

ERNUR.KZ. Енді онлайн рәсімделген несие шотқа бірден түспейді. Несие сомасы 150АЕК, яғни 600 000 теңгеден асса, ақша тек 24 сағаттан кейін беріледі, деп жазады stan.kz.

Онлайн рәсімделген несиенің сомасы қомақты болса, бірден шотқа аударылмайды. Мәселен, тұтынушы сұраған ақша 600 мыңнан асса, "суыту мерзімі" тетігі іске қосылады. Яғни, несиеге өтініш берген кісіге шартпен танысып, қарыз алудан бас тартуға уақыт беріледі. Азамат бір тәулік ішінде қомақты қаржыны өзі рәсімдегенін растауы қажет. Қаржы ұйымдары 24 сағат ішінде тұтынушыға хабарласуға тиіс. Ал несиені алғаш рет алғалы отырған адам банк бөлімшесіне баруға міндеттеледі.

Депуттардың айтуынша, бұл онлайн алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі.

Жаңа заң аясында несие алғысы келген азаматтар электронды үкімет порталы арқылы келісім беруге тиіс. Жаңашылдық 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан қазақстандықтарға қатысты.

“Жаңа заң жобасы аясында біз алаяқтық несиелерді сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығару тетігін енгізіп жатырмыз. Егер банктер не микроқаржы ұйымдары несие беру барысында заң талаптарын бұзса, борыш соттан тыс кешіріледі. Яғни, тұтынушының кеңсеге келуі, өз еркімен келісім беруі, "суыту мерзімі" секілді оңай дәлелденетін шарттар орындалмаса несие толық жойылады”, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.

Ал депутат Ғалиасқар Сарыбаев онлайн алаяқтықпен қоғам болып күресу керек деді. Мысалы, цифрлық технологияларды жете біле бермейтін қариялар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.

“Қаржы институттарымен қалай жұмыс жасау керек, оларды өзінің келісімшарттарын толық оқуын, жаңағы өзіне керекті қаржыны алу кезінде қандай шарттарды білу керек. Осы жағына біз өзіміздің азаматтарымыздың құқықтық білімін арттыруымыз керек”, – дейді ол.

Бұдан былай әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар да несие ала алмайды. Өйткені заңмен шектеу қойылып отыр.