Асхат Хасенов биыл Қазақстанда мұнай өндіру көлемі біршама азаюы мүмкін екенін айтты.
ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бүгін палата отырысында бірінші оқылымда мақұлданған жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістертер енгізу заң жобасына қатысты түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Осы құжатта қамтылған толықтырулардың басты мақсаты – еліміздегі минералды ресурстардың базасын көбейту. Бұл тұрғыда инвестиция тартуға екпін қойылып отыр. Екіншіден, жер қойнауын барлау кезінде болуы мүмкін бюрократиялық тосқауылдарды жоюға назар аударылды. Барлық сараптамалардың мерзімі 8-12 айға дейін қысқартылды. Бұрын бұл рәсімдер үш жылға дейін созылатын. Жалпы, еліміздің геологиялық қорды көбетуге мүмкіндік жасалады», - деді Д. Тұрғанов Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов еліміздегі сарқылған кен орындары көбейгенін, қазір олар шамамен 80 пайызға жеткенін айтты.
«Олардың көбі 1960 жылдан бері ашылған кен орындары. Тәуелсіздік жылдарында 1 млрд 900 млн тонна мұнай өндірілді. Сондықтан сарқылған кен орындарының жұмысын жандандыру үшін жаңадан ынталандыру тетігін енгізу қажет. Бұл ретте аталған заң жобасында тиісті қадамдар ескерілген. Құжат геологиялық барлау жұмыстарына бағытталған. Минералдардың ресурстық базасын кеңейту аясында жыл сайын шамамен 200 млрд теңге инвестиция бағыттауды қарастырып отырмыз», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы бес жылда елімізде мұнай өндіру деңгейі артады.
Сонымен қатар Асхат Хасенов биыл Қазақстанда мұнай өндіру көлемі біршама азаюы мүмкін екенін айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне жер қойнауын пайдалану саласын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.


