Қазақстанда спортпен тұрақты айналысатындар үлесі 50 пайызға жеткізіледі

0
245

Еліміздегі спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатындар саны 8 миллионнан асқан.


Қазақстанда спортпен тұрақты айналысатындар үлесі 50 пайызға жеткізіледі

фото: check-point.kz

Дене шынықтыру және спорт салаларын дамыту қай кезеңде де өзекті. Бұл бағыт мемлекеттің әлеуметтік әрі экономикалық тұрғыдан дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Себебі спорт саласын дамыту дегеніңіз – тұрғындардың денсаулығын нығайту, өмір жастарын ұзарту, өскелең ұрпақты дені сау ұлт ретінде қалыптастыру және мемлекеттің әлемдік арнадағы беделін көтеру. Сондықтан Қазақстан Үкіметі де егемен ел болғалы бері осы саланы дамыту жұмыстарын бір сәтке де тоқтатқан емес. Әсіресе, соңғы жылдары спорттық инфрақұрылымды жаңғырту, бұқаралық спортты өркендету, балалар спортын дамыту сынды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Қалаларды қоспағанның өзінде, ауылдарда да арнайы спорт нысандары бой көтеріп келеді. Соның нәтижесінде еліміздегі спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатындар саны 8 миллионнан асқан. Бұл Қазақстан халқы санының 40 пайыздан астамына тең. Енді ел Үкіметі бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Осы ретте әр салаға жеке-жеке тоқталып өтуді жөн санадық.

Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «дені сау ұлт» қалыптастыру стратегиясына ерекше ықпал ететін бұқаралық спорт бағытын сөз етейік. Бұл бағы қазіргі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Сәйкесінше, кейінгі жылдары бұқаралық спорт ерекше қарқынмен дамыды, дамып та жатыр. Яғни, кез келген азамат қай жерде өмір сүрсе де салауатты өмір салтымен тұрақты айналысуына бар жағдай жасалуда. Бұл сөзімізге әр аулада бой көтерген спорт алаңдары, ауыл-ауылда салынған спорт нысандары, тұрғындар арасында тұрақты түрде өткізілетін фестивальдер мен сайыстар, балаларға арналған ақысы үйірмелердің көбеюі дәлел. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын кем дегенде 25 мыңнан аса бұқаралық іс-шара өткізіледі екен. Сәйкесінше, белсенділігі артқан тұрғындардың денсаулығы нығайып, медициналық көмекке жұмсалатын шығын азайып, еңбек ететін азаматтар саны көбеюде.

Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту да жіті бақылауда. Өйткені, бұл сала отандық спорттың жемісті болуының негізі. Сондықтан соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты әрі тегін айналысуына қолдау едәуір артты. Соның арқасында бүгінде елімізде 250 мыңға жуық бала спортпен шұғылданып жатыр. Оларға қызмет көрсететін 7000-нан астам тегін үйірме бар. Бұл жұмыстар балалардың бос уақыттарын ұтымды пайдалануға, жас таланттарды ерте байқауға және кәсіби спортшылар қорын қалыптастыруға септігін тигізіп келеді.

Әрине, ел жоғарыда аталған жұмыстардың игілігін көріп отыр. Алайда, бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін спорт инфрақұрылымын да қарқынды дамыту қажет. Осы ретте мемлекет тарапынан және инвесторлардан көптеген миллиард теңге қаржы жұмсалып, инфрақұрылым сапасын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2024 жылы ел аумағында, әсіресе ауылдық жерлерде жүзге жуық спорттық нысан қолданысқа берілген. Ал, былтыр 70-ден астам жоба жүзеге асырылған.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту да ұмыт қалып жатқан жоқ. Атап айтқанда, елімізде қазақ күресін, көкпар ойынын, аударыспақты, бәйге мен теңге ілуді, жамбы ату мен құсбегілікті, сонымен бірге тоғызқұмалақ ойынын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыт ұлттық кодты сақтауға ғана емес, отандық туризмді өркендетуге де септігін тигізері анық.

Бұл тақырыпты қозғағанда Қазақстанның әлемдік аренадағы деңгейін көтеретін спорт түрлеріне де тоқталып өтпеске болмайды. Атап айтсақ, қазақстандық спортшылар халықаралық додаларда бокс, дзюдо, ауыр атлетика, гимнастика, теннис, каратэ, таеквондо, шахмат сынды спорт түрлерінен табысты өнер көрсетіп, ел қоржынын қомпайтып жүр. Сондай-ақ, Қазақстан үшін параспорттың да орны айрықша. Себебі отандық спортшылар Паралимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінде топ жарып келеді. Тиісінше, мемлекет тарапынан спорт нысандарының саны артып, барлық азаматқа теңдей мүмкіндіктер жасалуда. Көк туымызды көтерген спортшыларға көрсетілетін қолдаулар да жоғары деңгейде. Бұл еліміздің спорттық ахуалының жақсы екенін аңғартады.

Ендігі кезекте отандық спортты толықтай сандық жүйеге көшіру жұмыстары күтіп тұр. Себебі, бұл саланы басқаруда, бірыңғай спортшылар базасын жасақтауда,спорт нысандарының қызметін цифрландыру және саланы талдау жұмыстарында маңызды рөл атқарады.

Сарапшылардың айтуынша, отандық спорт саласында бірнеше проблемаларда бар. Мәселен, қала мен ауыл спорты арасындағы айырмашылық, тәжірибелі жаттықтырушылар жетіспеушілігі, спорт саласындағы ғылым мен медицина деңгейінің төмендігі, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның аздығы байқалады екен.

Жалпы, елімізде соңғы жылдары бұқаралық спорт, дене шынықтыру, кәсіби спорт бағыттарына айрықша көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Спорт нысандары да, спортпен айналысатын азаматтар саны да сәт сайын көбеюде. Мұның барлығы сөз басында айтқанымыздай, дені сау ұлт қалыптастыруға және Қазақстанның дәрежесін көтеруге ықпал етіп жатыр. Сәйкесінше, бұл бағыттарды дамыту ел Үкіметінің негізгі басымдықтарының бірі болып сақтала бермек.

Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ