Жол апаты 15 тамызда Жамбыл облысында болған.
Фото: instagram.com/bakytzhan.bazarbek
ERNUR.KZ. Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қағып кеткен 36 жастағы Нұржігіт Қошанов ауруханадан үйіне шығарылды. Мұны экс-депутат Instagram парақшасында жария етті, деп жазады stan.kz.
Бақытжан Базарбек Нұржігіттің жол апатынан кейін 31 күн бойы ем қабылдағанын айтты. Ол ауруханадан шығару сәтінен түсірілген видеоны да жариялады.
"Алда аяғын қалпына келтіруге бағытталған оңалту шаралары бар", – деді бұрынғы депутат.
Еске салайық, жол апаты 15 тамызда Жамбыл облысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, тасжолда автокөлік сиырмен соқтығысқан. Бірнеше адам жануардың өлексесін жолдан алып тастауға әрекеттенген кезде олардың бірін Toyota RAV4 көлігі қағып кеткен. Әлеуметтік желіде көлік тізгінінде Бақытжан Базарбек болғаны жазылды.
Оқиғадан кейін Нұржігіт Қошанов ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған көптеген дене жарақаты мен жарақаттық шок диагнозын қойып, жансақтау бөліміне жатқызған. Полиция дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.
Кейін Бақытжан Базарбек жол апатына кінәлі екенін растағанымен, жұртты тергеу аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Тамыздың соңында зардап шеккен азамат Құлан ауылындағы ауруханадан Тараз қалалық ауруханасына ауыстырылды. Ол 24 күннен кейін комадан оянған еді. Қазір Нұржігіттің жағдайы жақсарғанымен, аяғы сынғандықтан, оған әлі де оңалту емінен өту қажет.


