Қазақстанда судьялар лауазымына кандидаттарды іріктеу сапасы артты

0
143

Қазіргі уақытта емтихан тапсыру жиілігі, оның ішінде тест, эссе мен кейс түрінде үш есеге — жылына 12 есеге дейін ұлғайтылды.


Қазақстанда судьялар лауазымына кандидаттарды іріктеу сапасы артты

ERNUR.KZ. Жоғары Сот Кеңесінің жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі – судья лауазымына біліктілік емтиханын өткізу. Бүгінгі таңда іріктеу процесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Инновациялардың нәтижелері туралы ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтып берді.

Қазіргі уақытта емтихан тапсыру жиілігі, оның ішінде тест, эссе мен кейс түрінде үш есеге — жылына 12 есеге дейін ұлғайтылды. Психологиялық тестілеу бұрынғыдай 3 рет емес, жылына 10 рет өткізіле бастады. Кандидаттармен әңгімелесу жөніндегі біліктілік комиссиясының отырыстары айына 4 ретке дейін өткізіледі. Нәтижесінде біліктілік емтиханын тапсыру мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқарды.

Сонымен қатар мамандыққа алғаш кірген үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Құқық қорғау және арнайы органдардың дерекқорлары бойынша қосымша тексеру енгізілді. . Бұл үміткерлердің қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру, есірткі чаттар, радикалды ағымдар, заңсыз құмар ойындар, цифрлық активтер айналымы және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге қатыстылығын анықтауға мүмкіндік береді.

«Нәтижесінде, бұрын үміткерлердің шамамен 50%-ы емтиханды сәтті тапсырса, қазір бұл тапсырманы 20%-ы ғана орындап шығады. Бұл қолжетімділіктің төмендегенін емес, іріктеу сапасының артқанын білдіреді, өйткені жүйеде кәсіби және моральдық тұрғыдан дайын адамдар ғана судья болып қалды. Түсінікті болу үшін: 2025 жылдың 6 айында Біліктілік комиссиясы 18 отырыс өткізді, оның барысында емтиханның барлық кезеңінен 125 адам сәтті өтті. Салыстырсақ, 2024 жылы тек 73 үміткер ғана емтихан тапсырған», – деді спикер.

Салтанат Жүніспекова соңғы уақытқа дейін Кеңес бос судьялық лауазымдарға орналасу үшін жылына екі конкурстан артық өткізбейтінін айтты. Сонымен қатар төрт жыл қатарынан шамамен 300-350 орын бос күйінде қалып отыр. Бұл қазіргі судьялардың шамадан тыс жүктелуіне, мерзімінен бұрын отставкаға кетуіне және өз еркімен жұмыстан босатылуына әкеп соқтырды. Жағдайды өзгерту үшін, біріншіден, конкурстар саны жылына 2-ден 6-ға дейін өсті. Бір конкурсты өткізу мерзімі 6 айдан 2 айға дейін қысқартылды. Конкурстық процесс толығымен қайта форматталды — субъективизм алынып тасталды, айқын, ашық және объективті критерийлерге баса назар аударылды. Кандидаттарды бағалау кезінде әлеуметтік алаңдар мен мониторингтер арқылы азаматтардың пікірлері, сондай-ақ соттармен өзара іс-қимыл жасайтын қоғамдық кеңестердің пікірлері ескеріледі. Бұл жүйелік жаңарту судьялар құрамын тезірек және сапалы жинақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бір жыл бұрын Сот төрелігі академиясы Жоғарғы Сот Кеңесінің қарамағына берілді. Қысқа мерзім ішінде мұнда болашақ судьяларды даярлау мен қазіргі судьяларды дамытудың жаңа тәсілдерін құруға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда Академияны дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Сондай-ақ біліктілік емтиханына күшейтілген дайындық бағдарламасы – референдиат курсы енгізілді, екі жылдық ғылыми-педагогикалық магистратура ашылды. Алғаш рет докторантураны ашуға лицензия және ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеу жүргізілді. Қазіргі судьялар үшін жеке біліктілікті арттыру курстарын өткізу басталды.

Бірнеше күн бұрын Кеңес жанындағы магистратураның алғашқы түлектері шығарылды: олардың 97%-ы біліктілік емтиханын сәтті тапсырып, болашақ судьялардың кадрлық резервін толықтырды.