Қазақстанда табиғи апаттардан сақтандыру қоры құрылмақ

0
263

Өзінің географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанға торнадо, цунами және жанартау атқылау қаупі төнбейді.


Қазақстанда табиғи апаттардан сақтандыру қоры құрылмақ

ERNUR.KZ. Еліміз АҚШ, Түркия және Жаңа Зеландияның табиғи апаттардан сақтандыру қорларын құру тәжірибесін зерттейтін болады. "Астана" халықаралық қаржы орталығы сақтандыру табиғи апаттардан болатын қаржылық шығындарды азайта алады деп есептейді, деп жазады stan.kz.

Өзінің географиялық ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанға торнадо, цунами және жанартау атқылау қаупі төнбейді. Дегенмен еліміздің көптеген өңіріндегі алапат су тасқынын айтпағанда, қуаңшылық, көшкін, жер сілкінісі, өрт, шаңды дауыл, қатты аяз және аптап ыстық бар. Биылдың өзінде су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына 150 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы үш елдің табиғи апаттардың қаржылық зардаптарымен күрескенін айтты.

"Қазіргі АХҚО табиғи апаттардан сақтандыру қорларын құрудың халықаралық тәжірибесін, соның ішінде Америка Құрама Штаттары, Түркия және Жаңа Зеландия тәжірибесін, сондай-ақ халықаралық даму банктерінің тәжірибесін зерделеумен айналысып жатыр. Жоғарыда аталған елдердегі қорлар табиғи апаттардың қаржылық зардаптарымен күресуде маңызды рөл атқарғанын атап өткен жөн", – деп түсіндірді қаржы орталығы.

Эколог Александр Мандрыкин Қазақстанда екі өзекті мәселе бар екенін айтады. Оның бірі – құрғақшылық, екіншісі – су тасқыны. Екеуі де адам қолымен жасалған – жер мен оның ресурстарын ақылсыз жобалар мен дұрыс пайдаланбау арқылы жасалған дейді ол.

Экономика сарапшысы Әнуар Нұртазин де қордың құрылуына күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, біздің елде қаржыландыру тәжірибесі сәтті емес және мұның экономикалық негіздемесі бар.

"Қорда қаражат жинақталғанда әрқашан өте жоғары тәуекел болады. Бұдан бөлек қорға түсетін қаражат болашақта тоқтап қалуы ықтимал. Сатып алу қабілетін жоғалтады, сондықтан қорда сақтаудың мағынасы жоқ", – деді экономика сарапшысы Әнуар Нұртазин.

Ал халықаралық қаржы орталығы қазір қор құру мәселесін пысықтап жатқанын хабарлады. Шешім оң болса, олар қордың қашан жұмыс істей бастайтыны, кімнің есебінен толықтырылатыны туралы хабарлайды және шығындарды жабудың ең төменгі шегі бойынша есептерді ұсынады.

Еске салайық, бұған дейін су тасқыны кезінде Құлсарыда 876 бас ұсақ және ірі қара мал зардап шеккен. Соның ішінде 93 бас ірі қара, 697 бас ұсақ мал, 55 бас жылқы, 31 бас түйе, 532 құс бар. Бүгінде азаматтардан түскен барлық өтініш бойынша өтемақы толық төленді.