ҚР Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерді тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және препараттарды жеткізу логистикасы жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда.
Логистикалық орталықтар Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Семей қалаларында құрылады. Ақтөбедегі алғашқы нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде Қазақстанда шамамен 3,4 млн пациент тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
Жүйеге қант диабеті, артериялық гипертония, онкологиялық және орфандық аурулар секілді созылмалы әрі әлеуметтік мәні бар аурулары бар пациенттер кіреді. Қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылады.
Дәрілік заттарды сатып алуды жоспарлау пациенттердің дербестендірілген қажеттілігі негізінде қалыптастырылады – диагнозы, тағайындалған препараты, нақты тұтыну көлемі және сырқаттанушылық динамикасы ескеріледі. Жүйенің ашықтығын арттыру мақсатында бақылаудың цифрлық құралдары енгізілуде.
Қазіргі уақытта қоймалардың WMS жүйелері Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйемен (БФАЖ) интеграцияланған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін көлік логистикасын басқарудың TMS жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұл жүйе дәрілерді жеткізуді, соның ішінде ауылдық елді мекендерге жеткізілімдерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тапшылық қаупін азайту және пайдаланылмаған қалдықтар көлемін қысқарту мақсатында өңірлердің арасында препараттарды жоспарлау және қайта бөлу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған препараттар тізбесі халықаралық клиникалық ұсынымдар, дәлелді медицина және дәрілік заттарды ұтымды пайдалану қағидаттары ескеріле отырып тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Сонымен қатар, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру көлемі 87,2 млрд теңгеден 2026 жылға қарай жоспарланған 337,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.


