Қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін

0
394

Қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанға қатысты болуы мүмкін


Қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа кімдер ілігуі мүмкін

© Sputnik / Андрей Старостин

ІІМ елімізде кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізуді бастама етті. Амнистия қылмыстық та, әкімшілік те құқық бұзушылықтарға қатысты.
Айта кету керек, тәуелсіз Қазақстан тарихында әкімшілік амнистия алғаш рет өткізілгелі отыр. ІІМ желісі бойынша қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылады. Сондай-ақ ол ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған, залал келтірілмеген немесе толық өтелген жағдайда қолданылуы мүмкін.
Адамдардың жекелеген санаттары үшін қылмыстың ауырлығына және сотталғанның тәртібіне байланысты жаза мерзімін қысқарту көзделген.
Қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға, соның ішінде түзеу мекемелеріндегі 1,5 мың сотталғанғақатысты болуы мүмкін. Заң жобасы белгіленген нормаларды сақтауға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға дайын екенін дәлелдеген азаматтарды қоғамға қайтаруға жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар амнистия өткізу қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді, себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген. Амнистияның күші террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында жасалған әрекеттер, азаптау, сондай-ақ жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарды жасаған адамдарға қолданылмайды.
"Бұдан бөлек, амнистия рецидив жағдайларында қолданылмайды. Осылайша құжат ауыр және қоғамға қауіпті әрекеттер үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын сақтайды: құқық бұзушылық қайта жасалған жағдайда жауапкершілік шаралары жалпы негіздерде қолданылады", - деді ІІМ заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Ермек Шүлден.
Өз кезегінде кең ауқымды әкімшілік амнистия 15 мемлекеттік органныңқұзыретіне жататын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабынқамтиды. Әкімшілік амнистия аясында азаматтарды, жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдарды (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушыларды) 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босату көзделеді.
Бұл шара халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ олардың одан әрі экономикалық белсенділігін ынталандыруға бағытталған. Тек ІІМ желісі бойынша бұл шара 17 млрд теңгеден астам сомаға шамамен 1 млн әкімшілік айыппұлдықамтиды.
"Бұл ретте әкімшілік амнистия теңгерімді сипатқа ие және адамдардың өмірі мен қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымы, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу (мас күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар), сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтар мен соттар қарайтын істер бар", - деді спикер.