​Қазақстанда тұтыну несиесін беру ережелері күшейеді

0
289


​Қазақстанда тұтыну несиесін беру ережелері күшейеді

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Микрокредит бойынша бір күндік кешіктірімнің өзі кепілсіз несие алуға кедергі болады, ал кейбір қарыз алушылар үшін ай сайынғы төлем мөлшері табыстың төрттен бірінен аспауы тиіс, деп жазады kaz.inform.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз беру талаптарын қатаңдататын қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат екінші деңгейлі банктер мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік банктердің филиалдарына қатысты.

Қандай өзгерістер ұсынылып отыр:

Қарыз жүктемесінің коэффициентін (ҚЖК) 0,25 деңгейімен шектеу. Бұл талап соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген несиесі болған қарыз алушыларға қатысты. Яғни, банк жаңа қарызды тек ай сайынғы төлем мөлшері қарыз алушының табысының 25%-ынан аспайтын жағдайда ғана бере алады.

Кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салу, егер қарыз алушыда келесі жағдайлар бар болса:

банк несиелері бойынша төлем мерзімін 30 күннен астам кешіктіру;

микрокредит бойынша кемінде 1 күн кешіктіру;

соңғы 3 жылда толық кешірілген қарыз;

«тиімсіз қайта құрылымдау» – яғни, қарыз шарттары қайта қаралғаннан кейін де қайтадан кешіктірім пайда болып, берешек сомасы азаймаған жағдай.

Агенттік бұл жобаның мақсаты – тұтынушылық несиелендірудің қарқынын баяулату және азаматтардың шамадан тыс қарызға батуына жол бермеу екенін түсіндірді.

Реттеуші органның айтуынша, бұл талаптар тек бұрын қарыз төлеуде қиындыққа тап болған азаматтарға ғана әсер етеді, ал адал қарыз алушылар үшін ештеңе өзгермейді.