Қазақстанда зейнетақы алушылар саны 1,5 миллионнан асты

0
131

Ел тұрғындарының басым бөлігі зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударуға тырысады.


Қазақстанда зейнетақы алушылар саны 1,5 миллионнан асты

Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин

ERNUR.KZ. Қазақстан зейнеткерлік жаста өмір сүруге қолайлы елдер рейтингінде 89 мемлекеттің ішінде 77-орынға тұрақтады. Зерттеуді U.S. News & World Report жүргізген, деп жазады zakon.kz.

Қазір елімізде 1 миллион 520 мың адам зейнетақы алады.

Ел тұрғындарының басым бөлігі зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударуға тырысады. 2024 жылғы деректерге сәйкес, салымшылардың 65,4 пайызы жыл ішінде 9-12 жарна салған.

Тағы 12,5 пайызы 6–8 жарна аударса, тек 22,1 пайызы 1–5 жарнамен шектелген. Ал зейнетақы қоры жүргізген сауалнамаға сәйкес былтыр тұрғындардың 39,3 пайызы өздері ай сайын құйып отыратын зейнетақы жинақтарын қартайған шақтағы негізгі табыс көзі деп санайды.

Ал 25 пайызы мемлекеттен берілетін зейнетақыға үміт артатынын айтқан. Жауап бергендердің 15,6 пайызы өзге жинақтарына сенсе, 11,6 пайызы жеке бизнесіне сүйенетінін жеткізген.

Сонымен қатар тұрғындардың 5,4 пайызы туыстарының қолдауына иек артатынын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 2,6 пайызы сақтандыру төлемдерін атаған. Ал 0,6 пайызы бұл сұраққа нақты жауап бере алмаған.