​Қазақстанда жаңа ұлттық компания құрылады

0
910

Жаңа компания жоғары еңбекақыны қамтамасыз етіп, шетелдік мамандарды қажетті мамандықтарға тартуға, білікті мамандардың тәжірибесін ұлттық кадрлармен бөлісуге, шет мемлекеттерде еңбек өтілі мен оқуды қамтамасыз етуге жол ашады.


ERNUR.KZ. Инвестициялар және даму министрлігі азаматтық авиацияның тиімділігін арттыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Британдық құрылымның баламасы бойынша біз акционерлік қоғам формасында жаңа ұлттық компанияны құруды көздеп отырмыз. Ол барлық бақылау-қадағалау жұмысын, техникалық қызмет көрсетуді, кадрларды даярлау жұмыстарын атқаратын болады», - делінген министрліктің редакцияға берген жауап хатында.

Ведомствода аталып өткендей, жаңа компания жоғары еңбекақыны қамтамасыз етіп, шетелдік мамандарды қажетті мамандықтарға тартуға, білікті мамандардың тәжірибесін ұлттық кадрлармен бөлісуге, шет мемлекеттерде еңбек өтілі мен оқуды қамтамасыз етуге жол ашады.

«2019 жылдың алғашқы тоқсанында жаңа компания жұмысын бастап кетеді деп отырмыз. Қазіргі таңда біз оның құрылымын толық аяқтап, мемлекеттік органдармен заңнамалық тұрғыдағы өзгерістер бойынша келісіп, аталған ұйымның арнайы мәртебесін бекіткелі, яғни қабылданған шешім тұрғысында мемлекеттік дәрежеге теңестіргелі жатырмыз», - дейді сарапшылар.

Министрлікте аталып өткендей, аталған қадам барлық құрылымдарға жауапкершілікті сақтауға мүмкіндік береді. «Жылдың соңына дейін жобаны Парламент қарап, келесі жылдың басынан бастап ол қолданысқа енгізіледі», - делінген жауап хатта.