Қазақстанда Жаңа жылға орай кімдерге әлеуметтік төлемдер берілетіні белгілі болды

0
97

Жыл соңына таяған сайын көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар арасында қосымша әлеуметтік төлемдер мәселесі ең өзекті тақырыптардың біріне айналады.


Қазақстанда Жаңа жылға орай кімдерге әлеуметтік төлемдер берілетіні белгілі болды

ERNUR.KZ. Өңірлердің жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларынан ресми жауап беріп, 2025 жылы Жаңа жылға орай төлемдер қарастырылған-қарастырылмағанын, сондай-ақ 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне қандай қолдау шаралары көрсетілетінін мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Астана

Елордада Жаңа жылға орай арнайы әлеуметтік төлемдер көзделмеген. Алайда қалада жыл бойы атаулы және мерекелік күндерге байланысты біржолғы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі бар. Олардың қатарына 8 наурыз, 9 мамыр, Мүгедектігі бар адамдар күні және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні кіреді. Төлем мөлшері алушылар санатына қарай белгіленіп, мәслихат шешімімен бекітіледі.

Алматы

Алматы қаласында да Жаңа жылға арналған төлемдер қарастырылмаған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының түсіндіруінше, әлеуметтік көмек тек қиын өмірлік жағдай туындаған кезде көрсетіледі. Бұл жағдайда табыс деңгейіне қойылатын талаптар сақталса, аз қамтылған азаматтарға 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде біржолғы көмек берілуі мүмкін.

Шымкент

Шымкент қаласында да Жаңа жылға байланысты біржолғы төлемдер қарастырылмаған. Әлеуметтік көмек қолданыстағы бағдарламалар аясында және қалалық мәслихат шешімдеріне сәйкес өзге мерекелік күндерге орай көрсетіледі.

Ақмола облысы

Ақмола облысында көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға Жаңа жылға байланысты төлемдер қарастырылмаған. Дегенмен өңірде басқа атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек төленеді.

Атап айтқанда, 2025 жылы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысып, қуғын-сүргінге ұшыраған 13 адамға 60 АЕК (235 920 теңге) мөлшерінде біржолғы төлем берілген.

Маңғыстау облысы

Бұл өңірде Жаңа жылға төлемдер қарастырылмағанымен, 16 желтоқсанға байланысты әлеуметтік көмек көрсетіледі. Тәуелсіздік күніне орай 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар мен саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде ақталған азаматтарға біржолғы төлем беріледі.

Төлем мөлшері қала мен ауданға байланысты 50-60 АЕК аралығында. Сонымен қатар барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға 5 АЕК көлемінде көмек қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысы

Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл әлеуметтік көмек көрсетілетін күндер тізіміне енгізілмеген. Ал 16 желтоқсан мерекелік күндер қатарына кіреді, осы күні азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы төлемдер төленеді. Көмек мөлшері алушылардың мәртебесіне қарай айқындалып, облыс әкімдігінің қаулыларымен бекітіледі.

Ұлытау облысы

Жаңа жылға байланысты төлемдер тек Ұлытау облысында қарастырылған. Өңірде 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленеді:

– 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
– 7-18 жас аралығындағы I, II және III топтағы мүгедектігі бар балаларға.

Басқарманың мәліметінше, төлем алушылар саны – 1 023 бала. Көмек өтінішсіз, автоматты түрде жүзеге асырылады.

Басқа өңірлер

Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында Жаңа жылға арналған әлеуметтік төлемдер қарастырылмаған. Бұл өңірлерде әлеуметтік қолдау тұрақты негізде немесе өзге мерекелік әрі атаулы күндерге, соның ішінде 16 желтоқсанға орай көрсетіледі.

Қазақстанда Жаңа жылға байланысты жаппай әлеуметтік төлемдер қарастырылмаған. Ерекше жағдай – Ұлытау облысы, мұнда көмек нақты санаттағы балаларға бағытталған. Сонымен қатар бірқатар өңірде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысушылар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы төлемдер төленеді.