Қазақстанда жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

0
644

Бағдарлама бес жылға есептелген, осы мерзімде жас ғалымдар қолжетімді шарттармен баспаналы бола алады.


Қазақстанда жас ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

ERNUR.KZ. Елімізде жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылды, деп жазады sputnik.kz.

Отбасы банк пен ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында бүгін, 1 желтоқсаннан бастап ғалымдардан несие алуға өтініш қабылданады.
Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен баспана алу мүмкіндігін береді.
"Ғалымдарымыз күнделікті мәселелерді ойламай, ғылымға ден қоюы үшін біз өз тарапымыздан оларға баспана мәселесін шешуге көмектесуге дайынбыз. Біз ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Отбасы банкінен жылдық мөлшерлемесі – 5%, ең төменгі 10%-тік алғашқы жарнамен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосып жатырмыз", - деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Ғылым министрлігі ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының тiзімін құрып, банкке ұсынады. Ал қатысушылар пулын жұмыс беруші белгілейді.
"Ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған қызметкерлер төлем қабілеттілігін бағалату үшін банкке жолдама алады", - делінген хабарламада.

Бағдарлама шарттары

Баспананы жаңа немесе қолданыстағы тұрғын үйлерден сатып алуға болады.
кредиттің жылдық мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ 5,2% бастап).
алғашқы жарна 10%-тен 50%-ке дейін болады.
бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары қарыз сомасы – 20 млн теңгеге дейін.
Сондай-ақ "Жасыл ипотека" бағдарламасы аясында да несие алу мүмкіндігі бар. Оның ең жоғары сомасы 35 млн теңгені құрайды. Несие бойынша мөлшерлеме – жылдық 8% (ЖТСМ 8,2%-тен бастап). Алғашқы жарна – 20%-дан 50%-ға дейін.
Бағдарламаға қатысатын ғалымдардың жасы 40 жастан аспауға тиіс. Оның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда баспанасы болмауы керек.