Қазақстанда жасанды интеллект оқытушыларды даярлау жүйесіне енгізіледі

0
129

Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі таңда студенттер жасанды интеллект негізінде 229 шешім әзірлеген.


Қазақстанда жасанды интеллект оқытушыларды даярлау жүйесіне енгізіледі

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы 6 қаңтарда өткен Үкімет отырысында биыл Қазақстанда OpenAI компаниясымен бірлескен жобалар іске қосылып, ұлттық тестілеу жүйесіне реформа жүргізілетінін мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

Министр 2025 жылы Google, NVIDIA, Coursera, Huawei, OpenAI, ETS және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастық жалғастырылғанын еске салды.

"2026 жылы OpenAI компаниясымен бірлесіп оқытушылардың оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізуге бағытталған жоба іске қосылады. Сонымен қатар ETS ұйымымен ұлттық тестілеу жүйесін реформалау жобасы жүзеге асырылады. Президент тапсырмасына сәйкес AI-Sana бағдарламасы іске асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде студенттерге 646 мың сертификат берілді", – деп толықтырды министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі таңда студенттер жасанды интеллект негізінде 229 шешім әзірлеген.

"Екінші кезеңде 100 мың студент жасанды интеллект бойынша тереңдетілген курстардан өтеді. Бұл курстарды жасанды интеллект жөніндегі кеңес мүшесі Пол Ким әзірлеген. Іріктеу ақпан айында басталады. Үшінші кезеңде 60 мың студент индустрияның нақты қажеттіліктеріне бағытталған жеке жобаларын қалыптастырады. Төртінші кезеңде 1 500 жоба акселерациядан өтіп, нарыққа шығу деңгейіне дейін жеткізіледі", – деді министр.