Қазақстанда жеке куәлік пен төлқұжатты енді терминал арқылы алуға болады

0
909

Құжаттандыру терминалы елордалық ХҚКО-да пилоттық режимде іске қосылды.


Қазақстанда жеке куәлік пен төлқұжатты енді терминал арқылы алуға болады

ERNUR.KZ. Астананың ХҚО-да құжат алатын терминалы іске қосылды. Автоматтандырылған өз-өзіне қызмет көрсету терминалы биометриялық жүйемен, фотосуретке түсіру функциясымен және арнайы интерфейспен жабдықталған, деп жазады zakon.kz.

Оның көмегімен адам жеке куәлік немесе төлқұжат алуға өз бетінше өтініш бере алады.

Құжаттандыру терминалы елордалық ХҚКО-да пилоттық режимде іске қосылды. Жобаны ІІМ мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірледі. Жаңа ХҚКО-да 4 осындай құрылғы жұмыс істейтін болады. Жаңа аппаратпен бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин танысты.

Бұл технология мемлекет ұсынатын қызметтердің сапасы мен жылдамдығын арттырады, құжаттарды ресімдеу мерзімін едәуір қысқартады, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Себебі барлық процесс ашық түрде жүргізіледі.

Құрылғының көмегімен тек өтініш беріп қана қоймай, дерекқордағы фотосурет бойынша жеке басты сәйкестендіріп, QR-коды арқылы төлемді сол жерде жасауға болады.

Бірнеше қадам жасау жеткілікті:

  • ЖСН және ұялы телефон нөмірін енгізу;
  • суретке түсіру және қол қою;
  • экрандағы QR-кодты пайдаланып, мемлекеттік бажды төлеу;
  • SMS арқылы қалыптастырылған қолхат алу; – көші-қон қызметінің қызметкеріне өтінім нөмірін дайындау үшін көрсету.

Бұл ретте ұялы телефон нөміріңізді мобильді азаматтар базасына тіркеу қажет, бірақ мұны өтінімді ресімдеу кезінде де жасауға болады.

Айта кету керек, бүгін ІІМ терминал арқылы ресімделген жеке куәлік дайындады. Қанат Дәрібаев жаңа аппаратты пайдаланған алғашқы адам болды.