Дерматологтар көбіне атопиялық дерматит, есекжем және аутоиммундық ауруларды байқағанын айтады.
ERNUR.KZ. Қазақстандық дәрігерлер пост-COVID синдромының ерекше және ауыр түрін тіркеп жатыр. COVID-19 пандемиясынан кейін пациенттерде тері аурулары үдеп, емдеу қиынға соғып барады. Тіпті бұл дерттен жастар мен балалар зардап шегіп жатыр, деп жазады stan.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, тері аурулары бойынша статистика сырттай тұрақты көрінгенімен, сандардың артында ерекше әрі қауіпті жағдайлар жатыр. Мәселен, COVID-19-ға дейін, яғни 2019 жылы ауыр түрлері 1%-дан аз жағдайда тіркелсе, 2022–2025 жылдары бұл көрсеткіш 12%-дан асқан. Дерматологтар көбіне атопиялық дерматит, есекжем және аутоиммундық ауруларды байқағанын айтады.
Денсаулық сақтау аналитиктері қауымдастығының президенті Әли Нұрғожаевтың пікірінше, коронавирус салдарын күшейткен басқа да факторлар бар.
"Бұл, бір жағынан, пандемия мен вирустың әсері болуы мүмкін. Екінші жағынан, экологиялық факторлар мен тамақтану жағдайының үнемі өзгеруі ықпал етуі ықтимал. Сондай-ақ ауруларды анықтау сапасы жақсарған деген үміт бар. Егер бұрын жасырын сырқаттар кеш анықталса, қазір олар ертерек әрі жиі тіркеліп жатыр. Бұл да бір жағынан оң әсер болуы мүмкін", – деді Нұрғожаев.
Маманның айтуынша, нақты қорытынды жасау үшін тереңірек талдау жаса қажет. Себебі белгілер көбіне жасырын өтеді. Жай тітіркену не қышыну ауыр постковидтік қабынудың көрінісі болуы мүмкін. Вирус жазылғаннан кейін де ізі сақталады. Бұл барлық науқаста кездесе бермейді.
"Бұл ең алдымен, созылмалы аурулары бар адамдарда кездеседі. Мысалы, қант диабеті, семіздік, гипертония және зат алмасу бұзылыстары бар науқастарды. Сондай-ақ қауіп тобына аутоиммундық аурулары бар науқастар, псориаз, жүйелі қызыл жегі, бастапқыдан иммундық жүйесі бұзылғандар мен иммунитеті әлсіреген адамдар кіреді", – деді Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.
Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте анықтау толық сауығу мүмкіндігін арттырады. Бұл ағзасы қалыптасып жатқан балалар мен жасөспірімдер үшін аса маңызды.