2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.
ERNUR.KZ. Жаңа жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы көтерілмейді. 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады, деп жазады sputnik.kz.
Бұған дейін Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап жарты жылға көтеріліп келді. 2027 жылға дейін зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетуге тиіс еді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады деп жоспарланған.
Алайда соңғы жылдары зейнет жасын төмендету мәселесі қоғамда жиі қозғалды. Бұрын 58 жасында зейнеткерлікке шығып жүрген ана-апаларымыз зейнет жасын төмендетуді талап етті. Президент халық үніне құлақ асып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленді. Тиісті заңға қол қойылды.
Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап зейнетақы мөлшері ұлғаяды.
Алдағы үш жылдық бюджетке қатысты заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі зейнетақы (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгеге дейін өседі.
Соның ішінде ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 24 341 теңге, ең төменгі ынтымақты зейнетақы 53 076 теңгені құрайды.