Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын «World Halal Center» компаниясының Бас атқарушы директоры ханзада Найф бен Абдалла бен Сауд бен Әбдельәзиз Әл Саудтың арнайы өкілі және орынбасары Дауахи әл-Амаанимен кездесті, деп жазады egemen.kz.
Д.әл-Амаани қазақстандық компанияларды 3-7 қазан аралығында Жидда қаласында өтетін «HALAL EXPO» көрмесіне шақырды. Сондай-ақ ол Қазақстаннан қызығушылық танытып қатысуға дайындықтарын білдірген компанияларға ұйымдастырушылық шаралары бойынша жан-жақты көмек пен жеңілдіктер жасауға дайындықтарын жеткізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтудің жолдары мен Қазақстанда халал азық-түлік өндірісін дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Көрмені өткізудің мақсаты – қатысушыларға Ислам әлеміндегі халал өндіріспен айналысатын және қызмет көрсететін компаниялар арасында іскерлік байланыстар орнату, тәжірибелерімен бөлісу, өнімдері мен қызметтерін ұсынуға жаңа нарықтар табу, қызметтерін одан әрі дамыту жолында тап болып отырған проблемаларды шешу жолдарын талқылау, перспективалы инвестициялық жобаларды ұсыну және бірлескен компаниялар құруға мүмкіндіктер жасау болып табылады.
Өз кезегінде Б.Арын Д.әл-Амаанидің көрмеге шақыруына және өз тараптарынан ұйымдастырушылық шаралардың барлық мәселелері бойынша көмек беруге дайындықтарына ризашылығын білдіре отырып, алдағы өтетін көрмеге қазақстандық компаниялардың қатысулары бойынша еліміздегі құзыретті органдармен пысықтау жұмыстар атқарылатындығын хабарлады.
HALAL EXPO халықаралық көрмесіне қатысу ауыл шаруашылық саласында қызмет ететін қазақстандық компаниялар үшін Парсы шығанағындағы араб елдерінің зор әлеуеті бар нарығына өз өнімдерін шығаруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.