Қазақстандық көпбалалы ана вице-миссис Еуразия атанды

0
116

Грекияда Еуропа мен Азия елдерінің қатысушылары бақ сынаған халықаралық байқауда Қазақстан намысын төрт баланың анасы Сандуғаш Сұлтан қорғады.


Қазақстандық көпбалалы ана вице-миссис Еуразия атанды

ERNUR.KZ. Елуге жуық елден өтінім түскен додада ол үздік бестікке еніп, "Вице-миссис Еуразия" атанды. Бала күнгі арманына 36 жасында қол жеткізген Сандуғаш енді АҚШ-та өтетін әлемдік байқауға дайындалып жатыр, деп жазады stan.kz.

Сандуғаш Сұлтан - журналист, төрт баланың анасы, KMF Банкте қызмет етеді. Айтуынша, әлемдік байқауға қатысып, Қазақстан намысын қорғау бала кезден арманы болған.

"Мен 10 жасымда Ольга Шишигинаның Сидней олимпиадасында жеңіп, көк туымызды арқасына жауып жүгіргенін көріп, үлкен арман құрдым. Қазақстанымның туын әлемдік аренада желбірету мақсатыма айналды. Сөйтіп, жеңіл атлетикамен айналыстым, түрлі жарысқа бардым. Алайда жарақаттың кесірінен екі аяғым істемей қалды. Дәрігерлер спортпен айналысуға тыйым салды. Алайда сол 10 жастағы арманымнан бас тартпай, 36 жасымда қол жеткіздім. Бүкіл Еуропа мен Азия елдері қатысушылары арасында үздік бестікке кіріп, вице-миссис Еуразия титулын жеңіп алдым және Қазақстан намысын келесі жылы маусымда Америкада өтетін әлемдік байқауда қорғау құқығына ие болдым. Сахнада көк туымды арқама жауып, дәл сол 10 жаста көрген көрініске қолымның жеткеніне сене алмай, байқаудан кейін көз жасымды әрең тыйдым", - дейді ол.

Сандуғаштың айтуына қарағанда, кей елдерде мұндай байқаулар мемлекет тарапынан қолдау алады және ол байқау барысында байқалып тұрған.

"Біздің елде ондай қолдау жоқ, алайда бұл да Олимпиада ойындары сияқты, еліңнің атынан шығасың, дәстүр, мәдениетімен таныстырасың. Байқау кезінде 8 түрлі образ әзірлеу қажет болды, шығыны да аз емес. Осы ретте "қазақтың қызы кетіп барады, ел намысын қорғайды, сапалы, әдемі образдармен шықсын", деп өзім қызмет ететін KMF Банк қолдау көрсетті. Отбасым, әріптестерім жабыла көмектесіп, елімізді жоғары деңгейде таныстыра алдым. Әлеуметтік желіден көріп, ұлттық әшекейлер жасайтын Еркеайым деген қыз үйіме жәшігімен бұйымдарын әкеліп, тақты. "Бәрі киіп баратын киімді киме, сырт елде ұлттық нақыштағы киіммен жүр, көрсін", деп "Ozge" ұлттық брендінің негізін қалаушылар киімдерін ұсынды. Мұның барлығы жарнама үшін емес, біздің елде расымен жанашыр, нағыз патриот жандар көп екен, оған нақ көзім жетті", - дейді Сандуғаш.

Гранд-финалға бастан аяқ дайындық Афинада өткен, "сегіз күнге жалғасқан сапардан сапалы тәжірибе мен естен кетпес эмоция алдым" деген Сандуғаш енді әлемдік байқауға дайындық бастамақ.

"Қазылар алқасын көпбалалы ана бола тұра ән айтып, өлең жазып, жұмыс істеп, үй шаруасын қоса алып жүруім таңғалдырды. Дауысыма, ырғағына таңданысып, сахнада өзімді ұстауыма жоғары баға берді. Әрине, қоғамды бөле-жарғаным емес, алайда мұндай қасиеттермен біздің қоғамды қатты таңғалдыра алмайсың, бәрібір халықаралық байқаулардың деңгейі де, бағалаулары да қатты ұнады", - дейді ол.

Өзін "өмірге патриот болып келгенмін" деп санайтын көпбалалы ана балаларын да солай тәрбиелейтінін айтты, ал біз өз кезегімізде оған алдағы байқаудан жеңіспен оралуын тіледік.

"Байқау кезінде бір нәрседен қорықтым деп айта алмаймын, себебі бұл арманға мен 26 жыл жүріп, жеттім. Сахнаға әр шыққанда ішкі дүнием "елім, жерім, Қазақстаным" деп тұрды. Мен елімді мақтанышпен таныстырдым. Ендігі белес әлемдік байқау, ол жақта 80 елдің қатысушысы бақ сынасады. Барымды саламын, көк байрағым көгімде желбірей берсін", - дейді Сандуғаш Сұлтан.