Қазақстандық студенттер шетелдегі грантынан айырылып қалуы мүмкін

0
897

«Болашақ» халықаралық степендиясы бойынша 16 елдегі 169 жоғарғы оқу орнында Қазақстанның 700-ден аса студенті білім алып жатыр.


Қазақстандық студенттер шетелдегі грантынан айырылып қалуы мүмкін

ERNUR.KZ. Коронавирус пандемиясына байланысты жоғары оқу орындарының студенттері де қашықтан білім алып жатыр, деп жазады 24.kz.

Алайда, өзге елде емтиханды дәстүрлі түрде тапсыру қажет. Айдың соңына дейін олар білім ордасына бармаса, оқудан шығарылуы әбден мүмкін. Елдегі ахуалға байланысты бірқатар қазақстандық студент оқуларын жалғастыра алмай отыр. Олардың арасында шетелде оқитын азаматтар да аз емес.

Мәселен, Әлішер Ағыбаев Прагада білім алып жатқан студент. Ол 22 наурызда елге оралған. Енді білім ордасына қайтайын десе, әуе рейстері тоқтап тұр.

"Мен Прагада дайындық курсында оқимын. Қазір қайта алмай жатырмын. Себебі, Чехияға ұшатын бірде-бір рейс жоқ. Ал, ҰҚК өкілі шекара ашылса, университетте оқитыным туралы құжаттама арқылы бара аласыз деген. Алайда, рұқсат болғанымен, транспорт жоқ. Мен 8 маусымда оқуға түсу үшін емтихан тапсыруым қажет. Егер үлгермесем, қаражатпен қоса, арманым да орындалмай қалады" - дейді студент Әлішер Ағыбаев.

Өзге елде білім алып жатқан студенттер айдың соңына дейін визаның мерзімін ұзартуы тиіс. Сондай-ақ ақылы білім алушылар 2 миллионнан астам қаржысын жоғалтады.

«Ал, грант иегерлері оқудан шығып қалуы да ықтимал», - дейді олардың ата-аналары.

"17 мамырда сабақ басталды. Енді кете алмай жатырмыз. Бұл мәселе жайлы елшілік біледі. Мамырдың аяғында рейстер тұр, алайда алып тастауы мүмкін. Осы жылдың аяғына дейін төлеп қойғанмын. Егер бармаса, ақшаны қайтармайды. 5 мың еуро ғой, төледік" - дейді Әлішердің анасы Назгүл Ағыбаева.

"Қызым биыл Италияның Турин қаласында оқуын бітіреді. Осы айда емтихан тапсыруы тиіс. Университет тарапынан жауап жоқ. Бірақ Италия 3 маусымда Еуроодақ үшін шекараны ашады. Біз күн сайын «Эйр Астананың» кестесін бақылаймыз. Оларға хабарласып та, хат жазып та көрдік. Жауап жоқ. Егер қызым емтиханға үлгермесе, онда гранттан айырылады" - дейді тағы бір студенттің анасы.

Бұл жағдайды естіп, біз отандық әуе компанияларына хабарласқан едік. Олар пандемияға байланысты барлық халықаралық рейстер тоқтатылғанын ескертті.

"Біз халықаралық рейстердің қашан жанданатынын анық айта алмаймыз. Себебі, бұл жағдай пандемияға байланысты болып тұр. Қазіргі таңда тек қазақстандықтар елге қайтарылып жатыр. Ал, халықты індеттен сақтап қалу мақсатында елден шығуға тыйым салынады. Алдағы уақытта барлығы қалпына келетініне сенеміз" - дейді SCAT әуекомпаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

Карантинге байланысты студенттер қашықтан оқуға мәжбүр. Дегенмен, шет мемлекетте білім алып жатқан студенттерге біраз қиындық тудырды. Халықаралық бағдарламалар орталығы бұл көкейтесті мәселенің алдын алған.

"Коронавирустық инфекцияның жаппай таралуынан наурыз айынан бастап дистанциондық оқуға көшті. Оқудың дистанциондық форматқа көшуіне қарамастан, барлық степендиаттарымыз шәкіртақы алуда. Елге шыға алмай қалған студенттерде шәкіртақы алуда. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері біз оқуға жолдауды тоқтаттық"- дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Қарбозова.

Айта кетейік, «Болашақ» халықаралық степендиясы бойынша 16 елдегі 169 жоғарғы оқу орнында Қазақстанның 700-ден аса студенті білім алып жатыр.