Бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық павильонын халықаралық сауда платформаларына шығару бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
ERNUR.KZ. Осыған байланысты QazTrade компаниясы шикізаттық емес секторды дамытуға, сондай-ақ тауарларды экспортқа шығаруға жауапты. Компанияның қаржылық емес қолдау құралдарын дамыту туралы ОКҚ алаңында «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Айтмұхамед Алдажаров айтып берді.
Спикер қазір әлемде экспорт бойынша болып жатқан ірі үрдістерге тоқталды. Компанияның бас директоры атап өткендей, бұл – ең алдымен, цифрлық платформаларға көшу.
«Қазақстандық компанияларды халықаралық электрондық платформаларға шығару – компанияның басты бағыты. Бүгінгі таңда біз қазақстандық тауарларды JD.com, Douyin, Europages, Alibaba.com. сынды ірі маркетплейстердің ұлттық павильондарында ұсынамыз. Бұл алаңдар бізге цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, тауарды шекара арқылы өткізбей-ақ экспортты белсенді түрде ілгерілетуге көмек көрсетеді», – деді Айтмұхамед Алдажаров.
Экспортты белсенді дамытуға мүмкіндік беретін келесі құрал – сауда-экономикалық миссияларды өткізу. Жыл басынан бері төрт сауда-экономикалық миссия өткізілді.
«Құны 348 млн долларға тең құжаттарға қол қойылды, 350-ден астам компания экспортты дамытуға қатысты. Біз одан әрі мониторинг жүргізіп, компанияларымызға осы уағдаластықтардың сенімді келісімшарттарға айналуына көмектесеміз», – деп атап өтті спикер.
Компания экспорттаушылармен тұрақты кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізеді.
«Бүгінгі таңда компания біздің экспорттаушылар уақытылы ақпарат алуы үшін сайтты, платформаны жаңарту бойынша жұмыс жүргізді. Сайттан сауда-экономикалық қызмет туралы барлық статистика мен ақпаратты таба аласыз», – деп қосты спикер.