Қазақстаннан дәрілік өсімдіктердің 14 түрі экспортталады

0
725

​​Қазақстанда 1,5 мыңға жуық дәрілік өсімдіктер бар.


Қазақстаннан дәрілік өсімдіктердің 14 түрі экспортталады

ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстанда ағаштар мен бұталардың және шөпті өсімдіктердің 6 мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы дәрілік өсімдіктер санатында болса, 390 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, 110 түрі реликті өсімдіктер, сондай-ақ 700-ден астам эндемикалық өсімдік түрлері қамтылған. Қазақстанда экспортталатын дәрілік өсімдіктер тізіміне 14 түрі кіреді, яғни олардың қатарында мия, сасыр, цистанхе және басқалары бар», - деді Е. Құтпанбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кедендік статистика деректері бойынша мия тамыры негізінен Қытай, Түркия және АҚШ нарықтарына өткізіліп жатыр. Мәселен, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тоннадан астам мия тамыры экспортталды.

«Қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуы мүмкін. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етіп отыр. 2023 жылға дейін тиісті заңдар аясында мемлекеттік орман қорында, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және ауыл шаруашылығына арналған жерлерде өсімдік дүниесін қорғау, сақтау, қалпына келтіру әрі пайдалану мәселелері реттелген болатын. Дегенмен 94 млн гектар алаңдағы босалқы жер қорында дәрілік өсімдік шикізаты, көпжылдық екпелер, генетикалық және өзге де өсімдік ресурстары сияқты мәселелер заңнамамен реттелмеген еді. Осының салдарынан өсімдік ресурстарын тиімсіз пайдалану, олардың өсу орындарын жою, адам енгізген бөтен түрлердің жергілікті өсімдіктерді ығыстыруы жағдайы орын алды», - деді комитет өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе өсімдіктердің әртүрлілігіне кері әсер етіп, табиғи экологиялық жүйелердің деградациясына әкелуі мүмкін.

«Осыған орай «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Заңды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді. Өсімдіктер дүниесі туралы ұқсас заңдар Аустралияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда және Еуропа одағы елдерінде, Аменияда, Беларусьте, Қырғызстанда, Түрікменстанда, Өзбекстанда және Украинада бар», - деді Ерлан Құтпанбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 2 қаңтар күні Мемлекет басшысы «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.