Пәтерді жалға алу ақысы 15 мың теңгеден аспайды.
ERNUR.KZ. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 2022 жылдан еліміздің барлық өңірінде жұмысшы жастарға арналған жалдамалы пәтер салынатынын айтты, деп жазады baq.kz.
Әзірге жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттерге жалдамалы пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ғана беріледі. Егер қолдайтын болсаңыздар, жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесін көтеру жоспарланып отыр. Биылғы жылы 3 мың пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге жалға берілетін болады. Пәтерді жалға алу ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал тұрғын үй алаңы – кемінде 40 шаршы метр, - деді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлерге құжаттар қабылдау бүгін басталды.
Алматы қаласы бойынша 200-ден аса өтінім түскен. Алдағы 3 жыл ішінде осындай 9 мың пәтер беріледі. Бұл жүзеге асырылып жатқан шараларға қарап, жастарымыз баспана алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы немесе Шымкентке жаппай көшу керек екен деп түсінбеуі керек. Мұндай пәтерді алу шартының бірі – соңғы екі жылда сол қалада тұрақты тұру, - деді министр.