Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты

0
1 439

Жаңа қаулы 14 сәуірден күшіне енеді


Қазақстанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Құжатқа сәйкес, әуекомпания басшылығына қойылатын талаптар өзгерді.

2020 жылдың 23 қазанында қабылданған №59 қаулының 7-тармағының 1-тармақшасы "анықтама ұсынбаған жолаушылар әуе кемесінің бортына отырғызылмайды" деп өзгертілді. Бұл өзгеріс халықаралық рейс жолаушыларына қатысты болып отыр.

Бұған дейінгі қаулыда бұл тармақша шетелдік жолаушыларға қатысты болған. "Анықтама болмаған жағдайда Қазақстан азаматтары емес жолаушыларды әуе кемесінің бортына отырғызуға жібермеу" деп жазылған болатын.

Сонымен қатар жаңа қаулыда 1-қосымшаның 5-тармағын алып тастау туралы айтылған. Ол жерде "Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ықтиярхаты бар адамдар анықтама болмаған жағдайда Covid-19 инфекциясының бар-жоғын ПТР әдісімен анықтау үшін 3 тәулікке дейін карантиндік стационарға оқшаулауға жатады" делінген болатын.

Сондай-ақ Қиясов 2020 жылдың 25 желтоқсанындағы №67 "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" қаулысына өзгеріс енгізді.


"Карантин шараларын қатаңдату туралы шешімді қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлері, Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшылары қабылдайды. Карантин шараларын жеңілдету туралы шешімді қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қабылдайды", - делінген қаулыда.


Сондай-ақ, жаңа қаулыда вакциналауды ұйымдастыру, егу пункттерінің жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтылған.

Қаулы 2021 жылдың 14 сәуірі сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді. Құжаттың толық мәтінін мына сілтеме бойынша оқуға болады.