Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өсті.
Фото: Zakon.kz
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім жаңартылған болжамдар мен инфляция тәуекелдері балансының бағалауын ескере отырып қабылданды."ҚҰБ баспасөз қызметі
Қазақстанда жылдық инфляция қазан айында 8,5%-ға дейін өсті. Бұл "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру аясында реттелетін қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы мен теңгенің әлсіреуі салдарынан орын алуда. Оған қоса инфляцияның орнықты бөлігі де өсуде. Жоғары ішкі сұраныс жағдайында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен нарықтық қызметтер бағасының өсуі инфляцияның жеделдеуіне ықпал етті. Бюджеттің кіріс бөлігін орындамауға байланысты жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру есебінен экономика ішіндегі проинфляциялық қысым сақталуда. Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенмен, құбылмалы болып қалуда.
Жаһандық инфляция жалпы баяулауда. Бұл дамыған экономикалардағы еңбек нарығындағы жағдайдың тұрақтануы және неғұрлым баяу іскерлік белсенділікті қоса алғанда, сыртқы монетарлық талаптардың біртіндеп жеңілдеуіне әкелуде. Алайда сыртқы инфляциялық қысым соңғы айларда артуда. Оған азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляция және айтарлықтай бағамдық ауытқулар себеп болуда. Қаржы нарықтарында едәуір өскен құбылмалылық байқалуда, бұл белгісіздік пен инфляциялық күтулердің өсуіне әсер етуі мүмкін.
Базалық сценарийде Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орташа есеппен бір баррель үшін 70 АҚШ долларына дейін төмендету жағына қарай қайта қаралды. Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасын, Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуін, әлемдік экономиканың баяулауын және Солтүстік және Оңтүстік Америкада өндірудің өсуін ескере отырып қалыптастырылған.