Алматыда "қазақтың Робин Гуды" аталып кеткен "Елге көмек" қорының басшысы Ілияс Сариевке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.
ERNUR.KZ. Оған бірнеше рет алаяқтық жасады деген айып тағылған. 9 қазандағы сот отырысында айыпталушы Ақтоты Дүйсеева оның қажылыққа баратындардың ақшасын құмар ойындарға жұмсағанын айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Ілияс Сариев пен 33 жастағы Ақтоты Дүйсееваға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі, 4-тармағы ("Бірнеше рет жасалған алаяқтық") бойынша айып тағылып отыр. Бап бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған.
Қандай айып тағылып отыр
Қылмыстық іс екі эпизодтан тұрады, екеуі бір өндірісіне біріктірілген.
Бірінші эпизод бойынша тергеу нұсқасында, Сариев науқастардың туыстарынан қайырымдылық жариялау үшін ақша алып, Instagram-парақшасында бейнежазба салуға уәде берген. Бірақ ол уәдесінде тұрмаған. Салдарынан көмек күткен алты адам ақшасыз және қолдаусыз қалған.
Екінші эпизодта блогер екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсееваға тиесілі туристік фирманың жарнамасын жасаған. Компания қажылық пен умраға жолдамалар сатқан. Тергеу дерегінше, 20 адам зардап шеккен.
"Амбассадор емес, директор"
Бұған дейінгі сот отырысында Ілияс Сариев MM Travel фирмасының қызметіне қатысы жоқ екенін, тек 2023 жылдан 2024 жылға дейін жарнамалағанын айтқан.
Алайда 9 қазанда сотта екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсеева басқа нұсқаны айтып берді. Оның сөзінше, олар 2018 жылдан бері достық әрі серіктестік қатынаста болған, ал MM Travel компаниясын 2023 жылы бірге құрған.
"Сариев компанияның директоры болды. Бұл - ортақ бизнесіміз еді. Екі жылда шамамен екі мың адамды қажылыққа жібердік. Проблема Сариев кассадан ірі сомадағы ақшаны алып, қайтармаған кезде басталды. Соның кесірінен кассада жетіспеушілік пайда болды. Бір топ туристің ақшасын екіншісінен жаптым, біраз уақытқа дейін бұл көмектесті, бірақ сәуірде мені ұстағанға дейінгі соңғы екі-үш айда жағдай нашарлады", – деді Дүйсеева.
Ақтоты Дүйсеева Сариевтің оның банк шотын пайдаланып, компания ақшасын жеке мақсатқа жұмсағанын айтты. Прокурордың нақтылау сұрақтарынан кейін ол "қазақтың Робин Гуды" ақшаны құмар ойындарға салғанын мойындады.
"Сол себепті 20 адамды қажылыққа жібере алмадық. Ол ақшаны бір аптада қайтарамын деп уәде берді және мәселе шешіледі деді. Тіпті туристермен өзі хабарласып, неге сапар болмай қалғанын түсіндірді. Қазір ол мұны менің өтінішіммен жасағанын айтады, бірақ шын мәнінде бұл оның бастамасы болды. Мен одан ештеңе сұраған жоқпын", – деді ол.
Алайда сотта Дүйсеева Сариевтің қанша ақша жұмсағанын нақты атай алмады.
"Бізде бухгалтер болған жоқ, әр туристен небәрі 25–30 мың теңге пайда түсетін. 2024 жылы төлемдерден оның ақшаны құмар ойындарға жұмсай бастағанын байқадым, содан кассада жетісеушілік пайда болды. Ол бұрын, 2014 жылы да ойнағанын білетінмін, бірақ, көрініп тұрғандай, тоқтай алмаған", – деді айыпталушы.