"ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" бірлескен кәсіпорын құрады

0
1 122

​Қол қойылған құжат "Әл-Фараби" жобасы бойынша болашақ жер қойнауын пайдаланушының қызметіне қатысты ҚМГ және Лукойлдың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.


ERNUR.KZ. "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай компаниясы (ҚМГ) мен Ресейдің "Лукойл" компаниясы Каспий теңізінің қазақстандық секторында "Әл-Фараби" жобасын дамыту бойынша бірлескен кәсіпорын құрады, деп жазады sputnik.kz.

Мәскеу қаласында "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасы Алик Айдарбаев пен "Лукойл" президенті Вагит Алекперов "Әл-Фараби" жобасы бойынша келісімге қол қойды. Бұған дейін уәкілетті мемлекеттік органдар Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына өзгерістер енгізген еді, соған сәйкес "I-P-2" учаскесінің атауы "Әл-Фараби" жер қойнауы учаскесі болып өзгерді.

"Келісім ҚМГ жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасу арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын иеленген соң және ҚМГ-ға 50,01%, ал ЛУКОЙЛ-ға 49,99% үлесі тиесілі бірлескен кәсіпорынды құру бойынша ҚМГ мен Лукойл арасында жоспарланып отырған мәміле аяқталғаннан кейін өз күшіне енеді", - делінген баспасөз релизінде.

2019 жылдың маусымында ҚМГ мен Лукойл арасында осы жобаны білесіп жүзеге асырудың қағидалары мен негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылған болатын. Ендігі қадам көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге келісімшартқа отыруды көздейді.

Қазіргі кезде ҚМГ Қазақстанның энергетика министрлігіне "Әл-Фараби" учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алу бойынша тікелей келіссөздер жүргізуге өтінім беруді жоспарлап отыр.