Келер жылы Балқаш көлі маңындағы Лепсі станциясында жаңа вокзал ашылады

0
82

Жетісу өңірінде туризм саласы ерекше назарда.


Келер жылы Балқаш көлі маңындағы Лепсі станциясында жаңа вокзал ашылады

ERNUR.KZ. Облыс құрылған сәттен бастап бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 53 млрд теңге бөлінді. 64 жаңа нысан пайдалануға берілді. Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауын күтіп ұстау үшін екі коммуналдық мекеме ашылды. Жыл сайын өңірге 2 миллионнан астам турист келеді. Олардың келіп-кетуіне және демалуына қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Биыл жаңа «Ақши-Бескөл» электр желісі және қосалқы станциясы іске қосылды.

«Жағалауды нығайту бөгеттерінің және кәріз тазарту құрылғысының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысын 2027 жылы аяқтау үшін республикалық бюджеттен қалған қаражат бөлінуі қажет. Балқаш көлінің жағалауына дейін жол салынып, су Лепсі станциясынан жеткізілді. Енді жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту міндеті тұр. Көл жағалауында 6 коммуналдық жағажай қарастырылған, оның үшеуінде құрылысты бастап кеттік. Сондай-ақ Лепсі станциясында жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталып, келер жылы қолданысқа беріледі», – деді спикер.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында «Алтын-Емел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парк аумақтарында визит-орталықтар ашылды. Жасылкөл көліне және Ш. Уәлиханов мемориалдық мұражайына апаратын жолдар жөнделді. «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы басталды.

Облыста «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүйелі іске асырылуда. 2024-2025 жылдары облыста жаңа және жаңғыртудан өткен 29 саябақ, 2 орталық алаң, көптеген балалар және спорт алаңы абаттандырылды. Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеті жөнделіп, арық желілері қалпына келтірілді, көше жарық шамдары орнатылды. Облыс бойынша елді мекендер аумағында 250 мыңға ағаш отырғызылды. Орман қоры 27,4 млн түп ағашқа ұлғайды.