Келесі жылы талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

0
602

Тестілеу форматында өзгерістер жоқ.


Келесі жылы талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2023 жылы барлық талапкерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижесі бар сертификатты мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына ұсынуға мүмкіндік беріледі, деп жазады baq.kz.

Жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ-ны тағы үш рет тапсыратынын ескеретін болсақ, онда 2023 жылғы талапкерлер өткен жылдағыдай тестілеуді бес рет тапсыра алады. Министрлік басты емтиханның барлық жаңалығын оқу жылының басында, яғни қыркүйекте жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл болашақ талапкерлерге бар назарын ҰБТ-ға аударып, жақсы дайындалуға көмектеседі деп ойлаймыз, – деп атап өтті ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. Пәндер саны – үш міндетті және екі бейіндік, жалпы 120 тест тапсырмасы болады. Алайда, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндерінің тест тапсырмалары санына өзгерістер енгізіліп отыр. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: бір дұрыс жауапты таңдауға арналған 10 тапсырма, контекстке негізделген 10 тапсырма. Сондай-ақ егер бұрын «Оқу сауаттылығы» пәнінен талапкерлер 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.

Осылайша, Қазақстан тарихы – 20, оқу сауаттылығы – 15, математикалық сауаттылық – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.

ҰБТ тест тапсырмаларының құрылымында да өзгерістер бар. Министрлік тест тапсырмаларындағы дистракторлардың (жауап нұсқалары) санын азайту туралы шешім қабылдады. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды.

2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ-ның бейіндік пәндер комбинациясы тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.

Қабылданған шешімнің арқасында талапкерлер өз білімдерін жан-жақты көрсете алады деп үміттенеміз. Ал ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн байқау сынақтары қолжетімді екенін естеріңізге саламын, сондай-ақ жақын арада тегін онлайн сабақтар да басталады. Биыл шекті балдар өзгермейді. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы сақталады. Тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев және ерігіштік кестесі орналасқан. Ал ҰБТ аяқталғаннан кейін талапкерлерге білім деңгейін түсінуге мүмкіндік беретін жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады, – деді Руслан Емелбаев.