Кезектен тыс Президент сайлауының уақыты белгіленді

0
679

Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сайлаудың өтетін мерзімі алдын ала жарияланды.


Кезектен тыс Президент сайлауының уақыты белгіленді

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын.

2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

4. Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін уақытында жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", – делінген Қаулыда.

Президенттің кезектен тыс сайлауының өтетінін Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеді. Ал Жарлыққа бір айға жуық уақыт өткеннен кейін ғана қол қойылды. Қоғамдық талқылау өткізуге және алдын-ала дайындық жасауға уақыт жеткілікті болды.

Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сайлаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күнде болатын. Сонымен қатар, Президент алдағы Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын жариялады. Барлық саяси күштердің (партиялар мен бір мандатты округтер арқылы сайланатын кандидаттар) алдағы Парламент және мәслихат сайлауларына дайындалуға жеткілікті уақыты бар.