Ерлан Қарин тың мобильдік қосымша іске қосылғанын жария етті.
ERNUR.KZ. Отандық телехикаяларды, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар, оффлайн режимде де көруге болады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Kinomax» мобильдік қосымшасын таныстырды.
«Қазір цифрландыру дәуірі, сондықтан көрермендердің көбісі әлуметтік желілерде, түрлі интернет сайттарда өздеріне қызықты да қажетті контентті тауып, тамашалай алады. Таңдау көп, сондықтан танымал трендтерге сәйкес келетін контент жасаушылар саны күннен күнге артып келеді. Бәсекелестіктің қарқыны басым. Осы орайда«Қазақстан» корпорациясы заман талабына сай жұмыс жасауда. Өткен жылы «Qazaqstan tv» мобильдік қосымшасын іске қосқан болатынбыз. Бұл қазіргі уақытта Қазақстанның теленарығындағы ең үздік, ең танымал мобильдік қосымшалардың бірі. Жарты жылдың ішінде бұл қосымшаны жарты миллионнан астам қолданушы ұялы телефондарына жүктеп алды», - дейді Е.Қарин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жалпы корпорацияға қарасты медиа көздердің әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарда жазылушылар саны 1 599 762 адамға жеткен.
«Ал «Qazaqstan tv» Youtube арнасының жазылушылар саны миллионға жетіп отыр. Сондықтан қазіргі сәтте еліміздегі мемлекеттік телеарналардың ішінде ең алдыңғы орында тұр. Маусым айында «Youtub-тың алтын батырмасын» иеленуіміз әбден мүмкін. Осының бәрі де «Қазақстан» РТРК қазіргі уақытта интернеттегі басымдылығын ескере отырып, ауқымды жұмысымызды көрсетіп отыр», - дейді Ерлан Қарин.
Сөзін жалғастыра келе Ерлан Қарин тың мобильдік қосымша іске қосылғанын жария етті.
«Бүгін Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған «Kinomax» мобильді қосымшасы - бұл Andriod және IOS платформаларында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді видеосервис. Осы қосымша арқылы отандық телехикаялар, көркем және деректі фильмдер, анимациялық фильмдерді онлайн режиммен қатар, оффлайн режимде де көруге болады. Қосымшада:«Kinomax-тегі жаңа фильмдер» деген айдарда жаңадан енгізілген кинотуындылар жиналған. «Осы аптада танымал» бөлімінде қолданушылардың арасында танымал, жоғары бағаланған контент, ал «Дәл қазір көруде» - сол сәтте қолданушылардың тамашалап жатқан контентін көре аласыздар. Сонымен қатар, кішкентай бүлдіршіндер үшін «Балапан» режимі қарастырылған. Бұл топтамада «Балапан» телеарнасының бағдарламалары, анимациялық фильмдер ұсынылған», - дейді ол.
Басқарма төрағасының айтуынша, бұл видеосервис отандық контентті дамытумен қатар аудитория сұранысына сай сапалы жобаларды ұсыну мақсатында іске асырылған. Осы арқылы телерадиокорпорация басшылығы көрермендерге не қызықты екенін ескеріп, бәсекеге қабілетті және түрлі жанрлардағы контентті ұсынуды көздеп отыр.